ТМҰ мүше елдер арасындағы сауда-саттық $45 млрд-тан асты
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өзара тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл былтырғы көрсеткіш. «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев осы жетістіктерді сөз етті. Мемлекет басшысы өткен жылы бірлестікте төрағалық еткен еліміз саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.
Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымы өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында бірлестікке мүше мемлекеттер сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын жан-жақты дамытты. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті дамытуда маңызды үлес қосты. Ортақ тарихи және мәдени байланыстарды нығайтып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу ісінде де жұдырықтай жұмыла білді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстан өз халықаралық стратегиясында бізді қорғайтын, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін ұйымдардың орталығында және олардың қатысушысы болуымыз керек деген ұстанымды басшылыққа алады. Біз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында, Шанхай ынтымақтастығы ұйымында бармыз. Кейбіріне Үндістан, Пәкістан кіреді. Ал Түркі мемлекеттері ұйымы Орталық-Азия аумағындағы бауырлас елдерді қамтиды. Олар бір-біріне көмектеседі. Халқымыз мұны жақсы түсінеді. Сондықтан да тұйық әлемде өмір сүрмеу маңызды.
Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдердің жалпы халқының саны 160 миллион. Бұл бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін ауқымды нарық, – деп есептейді сарапшылар. Негізгі ортақ бағыттардың бірі – көлік-логистика саласы. Бүгінде ұйымға мүше мемлекеттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізін іске асыруда маңызды рөл атқарады.
Таир Нигманов, саясаттанушы:
- Әлемдік сауданың 80-90%-і теңіз арқылы жүзеге асады. Ал біз оған тікелей қол жеткізе алмаймыз. Әрине, бұл бізді өте тәуелді жағдайға қояды. Сондықтан да сауда жолдарын әртараптандыруға басымдық беру қажет. Бұл ретте Әзербайжан мен Түркия арқылы теңізге шығуға мүмкіндік бар. Бұл бағытты «Орта дәліз» деп те атайды.
Бұдан бөлек, ұйымға мүше елдер энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты да нығайтуды көздейді.
Ұйымның негізін қалаушылардың бірі болған Әзербайжан елі де Қазақстанның бірлестіктің әлеуетін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бірлестікке еліміз төрағалық еткен кезеңде 80-нен астам іс-шара өткізілген.
Ильгар Велизаде, саясаттанушы:
- Осы тұрғыда түркі ынтымақтастығы өзінің тиімділігі мен қажеттілігін көрсетіп отыр. Барлық көрсеткіштер бойынша, саяси диалог көрсеткіштері де, жыл сайын өсіп келе жатқан тауар айналымы да, мұның өте тиімді және қажетті формат екенін дәлелдейді.
Былтыр күзде Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сөзсіз маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл шара әлем жұртшылығының көшпенділер мәдениеті мен дәстүрлеріне деген зор қызығушылығын тағы бір рет көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын дамытып, насихаттауға ұмтылысын да дәлелдеді.
Авторлары: Риат Шони, Ануар Абдрахманов, Арман Ақшабаев.