Елімізде сәуір айында картоп құны 150 теңгеге жетеді

фото: ont.by.news

Апта басында ресейлік тарап Қазақстаннан картоп экспортын тоқтата тұруды сұраған еді.

Бұл жағдай отандық өндірушілер үшін ондаған келісімшарттың бұзылуына алып келуі мүмкін. Картоп өндірушілер одағының төрағасы осылай деп дабыл қақты.

Бұл жағдай бойынша тергеу жүріп жатыр. Алғашқы нәтижеге сүйенсек, елімізде ешқандай да олқылыққа жол берілмеген. Тек жүргізіліп жатқан келіссөздер ұзаққа созылар болса, кәсіпорындардың қомақты шығынға батары сөзсіз.

***

Маңызды нарықтан қағыламыз ба?

60 мың тонна картоп. Ақтөбеден Ресейге осыншама өнім тасымалданған еді. Қазір еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі орын алған келеңсіздік бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Сол себепті бұл компания үшін экспортқа шектеу қойылды. Уақытша, әрине. Ол қандай келеңсіздік? Еске салайық. Апта басында ресейлік фитосанитарлық бақылау қызметі қазақстандық тауардың орнына немістің санкциялық картобы жеткізіліп жатқанын хабарлады. Ал еліміздегі құзырлы орган фитосанитарлық сертификаттың кедендік одақ пен ЕАЭО талаптарына сай рәсімделгенін айтады. Картоп өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, екі арада қазақстандық өндірушілер опық жеп отыр. Дегенмен, нақты шығынды дөп басып айту қиын. Шекаралық өңірлердегі 200 ірі және мыңнан аса шағын өндіруші Ресейге өз өнімін экспорттайтын. Ал келісімшарттардың мерзімі қымбат бағаға байланысты көктемге шегеріліп келген. Жалпы жыл сайын көрші нарыққа 30 мың тоннаға дейін картоп экспортталады.

***

Сәуірде картоп құны 150 теңгеге жетеді

Былтыр елімізде 9 мың тонна картоп өндірілді. Мамандардың айтуынша, өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Отандық өнімнің жартысынан көбі ішкі нарықта тұтынылады. Қайрат Бисетаевтың айтуынша, оңтүстік аймақтардағы фермерлер биыл ультра ерте картоп сорттарын егуді жоспарлаған. Ол үшін қосымша қаражат пен жаңа технологиялар қажет, әлбетте. Мамандар бұл шығынның берекесіз болмайтынын айтады. Өйткені бүгінде ішкі нарық 9 ай бойы ғана отандық картоппен қамтылып отырса, алдағы уақытта жыл бойына жеткізу мүмкіндігі туады. Ал инфляция мен маусымдық қиындықтар бағаның артуына алып келген. Әдетте көктемдегі баға 20%-ке артып кетеді. Ал сәуірде тіпті 150 теңгеге дейін артуы ықтимал. 

***

Бұл орташа баға. Өңірлерде қазірдің өзінде өнім құны арзан емес. Мысалы Алматыдан бір келі картопты 230 теңгеге алуға болады. «Нарықтағы баға» айдарына зер салыңыз.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Бір келі картопты Көкшетаудан 160 тг аласыз. Ақтөбедегі баға 170 тг, ал Өскеменде 180 тг. Бір келі картоп елордада 190 тг сатылады. Атырауда 10 тг қымбат, Алматыдан өнімді 230 тг алуға болады.

***

Еуразиялық экономикалық комиссия Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің Қазақстан қызанақтары мен бұрыштарын әкелуге тыйым салу туралы шешімін заңсыз деп таныды. Былтырғы жылдың аяғынан бері Павлодар облысынан, ал биыл Ақтөбе және Алматы облыстарынан өнім тасымалына тыйым салынған. Ұрықта вирус бар деген уәж айтылды. Талдау үшін Ресей Федерациясының «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының» жедел тесттері қолданылды. Зертханалық талдау сол елдің мамандарымен бірге жасалды. Сараптама қорытындысы бойынша ешқандай да вирус анықталған жоқ. Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, енді Ресей тарапы бір ай ішінде кедергіні жоюы тиіс.

***

Google АҚШ-тағы филиалдарына 7 млрд доллар инвестициялайды

Ал Google Америкадағы филиалдарына жеті миллиардтан астам доллар инвестициялайды. Оның бір миллиарды Калифорния кеңсесіне бөлінеді. Бұл қаржыға он мың жаңа жұмыс орнын құрып, толық жұмыс күніне көшу көзделген. Кремний алқабы жаппай қашықтан жұмыс істеуге көшкен болатын. Бұл жалдау құнының рекордтық төмендеуіне әкелді. Сарапшылар мұндай алқаптың уақыт өте келе әлемдік инновациялар орталығы мәртебесін жоғалтуы бек мүмкін дейді.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 419,17 теңге, еуро 500,57 теңге, Ресей рублі 5,69 теңге