429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зейнетақы жинақтарының 99% баспанаға жұмсалған

  • 417
  • UPD: 10:40, 05.05.2021

Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сатып алуға триллион теңгеден астам зейнетақы жинақтарын жұмсаған.

Бұл ақшаның жартысына жуығы, яғни 620 миллиард теңге ипотекасыз баспана сатып алуға кеткен. Екінші орында ипотекалық қарызды ішінара немесе толық өтеу шығындары тұр. Бұл мақсатқа 218 миллиард жұмсалды. Орта есеппен әрбір азамат ипотекаға үш миллион теңгеден астам қаржы салған. Үшінші орында зейнетақы жинақтарын туысқа беру болды. Қазақстандықтар шамамен 194 миллиард теңге табысын туысқандарына аударған. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, биыл наурыз айында жаңа баспаналардың бір шаршы метрі ел бойынша 325 мың теңге болса, ескі үйлердің құны 257 мың теңгені құрады.

Қазақстан 57 елдің азаматтарына визасыз режимді уақытша тоқтату туралы шешімін ұзартты

Бұл Австралия, АҚШ, Бахрейн, Түркия және басқа мемлекеттердің туристеріне қатысты.

Жыл соңына дейін олар еліміздің аумағына рұқсат құжатынсыз кіре алмайды. Мұндай шешім Қазақстанның туризм саласына қалай әсер етуі мүмкін?

Бұл шешім туристік индустрияны тағы да құлдыратуы мүмкін. Туризм саласындағы кәсіпкерлер осылай дейді. Ал еліміз шетелдік туристердің қанша процентін жоғалтуы мүмкін екенін сәлден соң айтып беремін.

Қазақстанның туроператорлар қауымдастығы, туризм индустриясы шетелдік саяхатшылардан айырылуы мүмкін деп алаңдап отыр. Ең сорақысы елімізге келетін туристер ағымы 100 процентке төмендеуі мүмкін. Оның үстіне республикамызда шетелдік қонақтарды қызықтыратын туристік орындардың аздығы жағдайды ушықтырады дейді сала мамандары. 57 елдің азаматы үшін визасыз режимнің уақытша шектеудің ұзартылуы, пандемияның теріс салдарларынан әлі де қалпына келе қоймаған отандық туризм индустриясына соққы болды.

Қазақстандықтарға ресми түрде 13 елге кіруге рұқсат берілді. Мамыр айындағы мереке күндері біздің туристер әлемнің 18 мегаполисінде демала алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, отандық және шетелдік әуе тасымалдаушылары аптасына 117 халықаралық рейс орындайды. Соның ішінде біз ең танымал бағыттардың бағасына шолу жасадық. Сонымен, ең арзан бағыт елордадан Бішкекке дейін. Билет құны – 38 мың теңге. Ташкентке сапар біршама қымбатқа түседі – 41 мың теңге. Киев, Тбилиси және Ыстамбұлға билет бағасы жүз мың теңгеден асады. Мәскеуге әуе билеттері 195 мың теңге тұрады. Бірақ ең қымбат сапар Сеулге дейін. Билет құны – 285 мың теңге.

Биыл теңге қалай құбылады?

Биыл елімізде доллар орта есеппен 430,9 теңге төңірегінде болады. Қолданбалы экономиканы ғылыми-зерттеу орталығы (AERC) осындай дерек келтірген. LS агенттігінің хабарлауынша, сарапшылар макроэкономикалық шолу жасап, өз болжамдарымен бөлісті. Сонымен Brent бағасы барреліне $62,3 болған кезде, АҚШ валютасы 430 теңге болады деп есептелген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда теңгенің 4,3% әлсірегенін көрсетеді. Ал Ресей рублі 5,7 теңгені құрайды. Қазақстанда нақты экспорт көлемінің өсу қарқыны 2,7% деңгейінде делінген. Бұл ішкі өндіріс өсімінің ұлғаюымен және энергия ресурстарының, атап айтқанда мұнай мен газ конденсатының экспортымен байлнысты болады. Нақты импорт көлемі 1,5% өседі, бірақ дағдарысқа дейінгі кезеңдегі өсімнен төмен болады. Импорттық тауарларға сұраныстың қысқаруы негізінен теңгенің долларға қатысты құнсыздануы есебінен болып отыр деп түсіндірді орталық мамандары.

Әлемде шикізат қымбаттап жатыр

Шикізат бағасы күн санап өсіп келеді. Болат пен мыс, жүгері мен какао бұршақтарына дейінгі шикізат құны күрт өсе бастады. Әсіресе, соңғы бірнеше жылда аталмыш тауарлар қатты қымбаттаған. АҚШ Федералды резервтік жүйесі мен орталық банктер инфляцияға алаңдамай, экономикаға қаржы құюды жалғастыруда. Демек, түпкілікті өнімнің қымбаттауына әкелетініне қарамастан, шикізат бағасының күрт өсуі де жалғаса береді деді сарапшылар. Соңғы жылы мыс бағасы 90% өсті. Негізгі себеп – Батыс елдерінің жаңғыртылатын энергия көздерін ынталандыруы. Ал Қытайдың болат пен алюминий өндірісін қысқартуына байланысты болат қымбаттады. Астық бағасы да өскен. Өткен жылы жүгерінің құны екі есе, ал соя тағамдары 40 % бір-ақ көтерілген.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 428 теңге 29 тиын, еуро 515 теңге 05 тиын, рубль 5 теңге 71 тиын.

Хабар 24 телеарнасы