Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік интернет компаниялар салық төлеуге міндеттеледі

фото: gazeta.ru

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік интернет компаниялар, мемлекетке салық төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыны жүйелейтін заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Егер құжат қабылданса қашан күшіне енеді? Жаңашылдық қазынаға қанша пайда әкелуі мүмкін?

***

Елімізде цифрлық салық енгізіледі

Жоспар бойынша жаңашылдық келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс. Сол кезде шет елде орналасқан, бірақ Қазақстан аумағында электронды қызмет көрсетіп, тауарын сатқан компания тапқан табысынан 12% салық төлейді. Олардың қанша теңгеге сауда жасағанын Кіріс комитетіне банктер беріп отырады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2019 жылы қазақстандықтар интернет дүкендерде 700 миллирд теңгеге сауда жасаған. Былтыр бұл көрсеткіш 1,1 триллон теңгеден асты. 2025 жылға қарай онлайн сауда жасайтындар саны 7,5 миллионнан асады деген болжам бар. Яғни сауда айналым өте жоғары. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, интернет компаниялардан жылына кем дегенде 2 миллирд теңге салық алынуы тиіс. Бүгінде цифрлық салық әлемнің бірнеше елінде енгізілген. Мәселен Беларусь Республикасы 2018 жылы, Ресей 2019 жылы, ал Өзбекстан былтыр енгізді. Соңғысының салық комитетінің мәліметіне қарағанда, бір ғана Google Commerce Limited компаниясы 2020 жылдың бірінші тоқсаны үшін мемлекетке 85 мың еуро, теңгеге шаққанда 42 миллиондай салық төлеген.

***

Биыл тері экспортынан $3,1 млн пайда түсті

Биыл алты айда Қазақстаннан шет елдерге 3 мың 635 тонна тері экспортталды. Шикі күйінде емес, алғашқы өңдеуден өткен. Яғни, былғары жартылай фабрикат күйінде сатылды. Бұл саудадан отандық кәсіпкерлер 3,1 миллион АҚШ доллар пайда тапты. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, жарты жылда жалпы көлемі 54 млн шаршы дециметр ірі қара малдың терісі өңделді. Қой, ешкі және шошқа терісінен 140 мың шаршы дециметр былғары жасалған. Елде былғары илеу және өңдеумен айналысатын 28 кәсіпорын бар. Оның 27-ші шағын бизнеске жатады. Олар республиканың 11 өңірінде олрналасқан. Естеріңізде болса, бұған дейін елде тері экспортына тыйым салынған еді. Қазір бұл шектеу алынды. Мамандардың айтуынша, шет елдерде ірі қара терісіне сұраныс жоғары.

Айжан Толықбекова, «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының сарапшысы:

- Негізінен экспортқа ірі қара малдың терісі жартылай фабрикат күйінде шығып жатыр. Шығады. Негізгі импорттаушы ел Қытай. Мәселен биыл алты айда 378 мың дана тері сатылды. Оның 69%-і Қытайға, 13% Италия, 10%-і Үндістанға экспортталды. Қазақстандық былғарыны Түркия, Украина және Польша елінің кәсіпкерлері де алады.

***

Қазақстандық диһандар 1 млн тонна бидай жинады

Қазақстандық диһандар қамбаға бір миллион тонна бидай жинады. 11 тамыздағы мәліметке қарағанда, елде 960 мың гектардан астам егіс алқабы орылып бітті. Жиын-терім 6 өңірде жүріп жатыр. Оның ішінде жамбылдық шаруалар науқанды аяқтауға жақын. Мұнда бидай алқабының 96%-і игерілді. Жалпы салмағы 453 мың тоннадай дән бастырған. Өнім гектарына 12,3 центнерден келеді. Батыс Қазақстан облысында да егістіктің 71%-і жиналды. Мұнда өнім аз. Гектарына 7,5 центнерден шықты. Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Алматы және Шығыс қазақстан облыстарында да бидайға орақ түскен. Соңғы екі өңірде өнім жақсы. Мұнда гектарына 16-20 центнерден дән алынып жатыр. Ауылшарушылық министрлігі биыл бидай былтырғыдан 20%-кеаз болады деген болжам жасады. Егін жинау науқаны Қазақстан ғана емес, әлемнің бірнеше елдерінде жүріп жатыр. Десе де, биржада бидай бағасы түсер емес. Фьючерстері жоғары қарай бағыт алған. Сарапшылардың айтуынша, дәл қазір ұсыныс көп, сұраныс аздау болып тұр. Соның өзінде баға төмендер емес.

***

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 424 теңге 28 тиынға саудаланып жатыр. Еуро 498 теңге 50 тиын. АЛ Ресей рублі 5 теңге 77 тиынға тең.