Банкрот деп танылған жеке тұлғаларды не күтіп тұр

Адвокатская газета

Елде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң әзірленіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде 2 млн-ға жуық қазақстандық бұл құжатты асыға күтіп отыр. Алайда банкрот болудың соңы жақсылыққа әкелмеуі де мүмкін. Экономистер халыққа қарыздан құтылғанмен, оның басқа да салдары пайда болатынын ескертеді.

«БАНКРОТ» ДЕГЕН ЖАҚСЫ АТ ПА?

Бір басында бірнеше несиесі бар қарапайым қазақстандықтар жетерлік. Қарызға белшеден батқандардың саны 2 млн-ға жуықтайды. Бәрі де «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заңға иек артып отыр. Дегенмен заңның аты заң. Ондағы талаптар қаржы ұйымдарын да қыспаққа алуы мүмкін. Яғни банктің қарызын коллекторлық ұйымдар өздері төлеуге мәжбүр болады. Бұл шығын. Ал қарыз беру ұйымдарының мұндай тәуекелге бел бумауы орынды. Демек, банкрот болған азамат қайта несие алу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Осы ретте экономист Мақсат Серәлі борышкерді бірден «банкрот» деп тануға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, эксперттік топ құрып, 3 не 6 ай мерзімде ол азаматтың жағдайын жіті бақылау маңызды. Айтпақшы заңға сай несиесін өтей алмаған азаматтар тобына кіргендер жеке кәсібін де аша алмайды. Мемлекеттік қызметке тұруы қиындайды. Экономист Сапарбай Жобаев та банкрот болу – қарыздан құтылу емес, жауапкершілік жүгін арқалау дейді. 

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Кейбір адамдар банкрот болсақ, қарыздан толық құтыламыз деп мәз боп жүр. Ондай ештеңе жоқ. Мен батыстағы тәжірибені зерттеп көрдім. Өзін банкрот деп жариялаған жеке тұлға қарыз берушіге жартылай тәуелді болып қалады. Ол несиесінен толық құтылғанша ауыр жұмысқа тартылуы мүмкін. Яғни қарызын мәжбүрлі түрде өтейді. Ақырғы үйін сатпау деген мәселе де айтылып жатыр. Егер қарыз алушының бір ғана үйі болса ше? Көбінің пәтер жалдап отырғаны рас. Қисынсыз. Халқымыз жеке тұлғалардың банкроттығын кәсіпорындардың банкроттығымен шатастырып жүргендей. Бұл дұрыс емес. Мен жеке тұлғаның өмірін сақтандыру деген жүйені кіріктіру керек дер едім. Ал жаңа заң халықтың да, биліктің де жауапкершілігін арттыру үшін керек.

ҚОЛЖЕТІМСІЗ НЕСИЕ

Туыстан қарыз сұрағанша, банктен несие ала салу оңай. Бүгінге дейін біраз қазақстандықтың пайымы осындай еді. Соның нәтижесі болар, халықтың 80 проценті мойнына қарыз қарғыбауын тағып алған. Президент те бұл мәселеге алаңдап, кейбірінің берешегі бизнестен асып кеткенін айтты. Сын түзеліп, құзырлы органдар, әйтеуір, әрекет ете бастады. Елдегі несиелеу нарығы өзгереді. Бұдан былай қарыздың салмағын көтере алатын жеке тұлға ғана банкпен келісім жасай алады. Яғни төлем жасау қабілеті нашар қарыз алушыға кредит беру шектеледі. Одан кейін Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң шеңберінде проблемалық берешекті реттеу жөнінде шаралар қабылданады. Үшіншіден, агенттік жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық және сыйақы мөлшерлемелерінің шекті мәндерін реттеуге ниетті. Бұған қоса, қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша шаралар қабылдайды.

Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және халық пен бизнес үшін банктік қызметтерді толықтай көрсету үшін банктердің меншікті капиталы мен өтімділігінің айтарлықтай қоры бар. Банктер капиталының жеткіліктілігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 есе асады.

АЛТЫН ҚҰЙМА – СЕНІМДІ ИНВЕСТИЦИЯ

Қазақстандықтар үшін алтын құймалар сенімді инвестиция құралына айналды. Былтыр елде жалпы салмағы 1 тоннадан асатын 32 300 құйма сатылды. Әсіресе 10 грамдығы сұранысқа ие. Сатылған өнімнің 30 процентке жуығы, яғни 9 521 данасы осы салмақта. Бағалы құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында үлкен сұранысқа ие. 2017 жылдан бері елде 2,7 тоннаға жуық 74 905 алтын құймасы сатылды. Оның 15 проценті, яғни 10 886-сы банкке кері сатылды. Олар Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады. Қазір әлемде бағалы металл құны АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары кірістілігінің артуына байланысты құбылып тұр. Орташа баға 1811,7 доллар шамасында.

МҰНАЙДЫ ТҰТЫНУ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қытай ішкі нарықты қамту үшін отын экспортын қысқартпақ. Өткен жылы осы елдегі бензин сатылымы 14,54 млн тоннаға дейін азайды. Бұл соңғы үш жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Желтоқсанда елден 940 мың тонна бензин шығарылыпты, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 35% аз. Экспортты төмендетуге мемлекеттің тәуелсіз мұнай өңдеу саласын бақылауға алуы себеп. Жалпы биыл жаһандағы мұнайды тұтыну көрсеткіші 100,8 млн баррельге баруы мүмкін. Былтыр 96,6 млн баррель болған. Қара алтынға сұраныс тәулігіне 4,2 млн-ға артады. Осылайша ОПЕК ұйымы қаңтар айына болжамын өзгерткен жоқ.

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІНЕ КӨШЕМІЗ

Елімізде жаңартылатын энергияға арналған халықаралық сертификаттар шығарылмақ. ECOJER экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығы I-REC халықаралық ұйымының эмитенті атанды. Бұл отандық жаңартылатын энергия көздері нысандарына өндірілетін энергияны сертификаттау есебінен қосымша табыс табуға, ал кәсіпорындарға тұрақты даму қағидаттарын енгізуге мүмкіндік береді. I-REC сертификаты - өндіруші нысанның арнайы тізілімінде тіркелген, өзінің электрэнергиясын балама көздері арқылы өндіретінін растайтын құжат. Қазір бұл жүйеге 47 мемлекет және 16 аккредиттелген Эмитент қатысады. Еске салайын 2050 жылға дейін еліміздегі энергия тұтынудың тең жартысы жаңартылатын және баламалы қуат көзіне ауысады. Қазір қуатты генерацияның дені ескірген. Бірақ энергия алатын көздер жеткілікті. Сол жел, күн энергиясын толық қуатта пайдалану үшін генерация қажет. Мамандар мақсатқа жету үшін шетелдік турбиналар мен күн панельдерін алу керек дейді. Бірақ олардың жұмысының тиімділігі екшеп алу маңызды.