Сарапшы: Құрылыс министрлігі құрылуы керек

Биыл елдегі үй бағасы тағы 10-15 процентке қымбаттауы мүмкін. Қазақстан құрылысшылар одағының президенті Талғат Ерғалиевтың айтуынша, бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп. Ал жабдықтардың 60 процентін біз шетелден аламыз. Бағаға тағы не әсер етеді? 

Өткен жылдың соңында елімізде 95 мың сатып алу-сату келісімі жасалған. Риэлторлар қауымдастығы бірлестігінің хабарлауынша, бұл рекордтық көрсеткіш. Азаматтардың баспана мәселесін шешуге ынтасы зор. Бірақ тұрғын үй жылдан жылға қымбаттап жатыр. Биыл да «дәстүрінен» жаңылмайтын түрі бар. Құрылыс материалдары қымбаттаған сайын, жаңа шаршы метр үшін де артық төлейміз. «Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жамбыл Мелдебайдың пікірінше, бағаны реттеу, сапаны бақылау бір ғана құзырлы органға міндеттелуі керек. Ол құрылыс министрлігі құрылса, - дейді. Сарапшының ойынша, үй салуға қажетті жабдықтарды да өз елімізде шығарсақ, қалтаға түскен салмақ айтарлықтай жеңілдер еді. Оған әлеуетіміз жетеді.

Жамбыл Мелдебай, «Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы» ЗТБ президенті:

– Кірпіш те шығаруға болады. Железо-бетон, бәрін шығаруға болады ғой. Барлық құрылыс материалын қолға алып, жұмыс істейтін бізде министірлік болмайынша, құрылыс сапасы да, бағасы да жөнге келмейді.

САРАПШЫ: ЕЛДЕ ҚҰРЫЛЫСШЫ ТАПШЫ

Кадр тапшылығы да өзекті мәселе. Өкінішке қарай, елде кәсіби құрылысшылар дайындалмайды. Мамандар «оның салдарын карантин кезінде көрдік» дейді. Елде құрылыс тоқтап қалды. «Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті  Жамбыл Мелдебай саланы жемқорлық жайлағанын айтып қалды. Тендердің заңсыз өтуіне байланысты өңірлердегі құрылыс компаниялары нәпақасыз қалып отыр. Ал шетелдіктер салып берген нысандардың сапасы сын көтермейді.

Жамбыл Мелдебай, «Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы» ЗТБ президенті:

– Қазір құрылыс саласы базар сияқты болды. Кез келген саланы алыңыз, Қорғаныс, ІІМ, Денсаулық министрлігі – бәрі құрылыспен айналысады. Ол бюджеттің ақшасы. Тексеріп жатқан ешкім жоқ.

ТӘУЕЛСІЗ ЭКОНОМИСТ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІН ҰСЫНДЫ

«Жаңа Қазақстан» құру үшін мұндай түйткілдерді реттеп алған маңызды. Тәуелсіз экономист Қанат Оспановтың ойынша, бізге жаңа экономикалық модель керек. Бүгінгі либералдық үлгіден бас тарту маңызды. Ол «экономиканы үкіметтен шектеп, нарыққа бере салу тиімсіз» дейді. Маман өткен ғасырдың ортасында Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань елдері пайдаланған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік моделін енгізіп көруді ұсынады. Жалпы экономиканы дамыту үшін бірнеше жылдық стратегиялық жоспар құру керек. Нақты сала қашан, қалай дамиды? Оған қанша инвестиция керек? Бәрін бүге-шүгесіне дейін есептеп алған жөн. Тәуелсіз экономист мұндайда барлық жүкті бизнеске арта салу қателік дейді. Себебі біздегі компаниялар нарықтағы бәсекеге шыдай алмайды. Сондықтан үкіметтің үйлестіруші дәрежесінде болғаны ләзім.

Қанат Оспанов, тәуелсіз экономист:

– Парадокс. Біз айтамыз Қазақстанға инвестиция қажет, бірақ қолымыздағы ақшаны біз пайдаланбаймыз өнеркәсіпті дамыту үшін. Бір жағынан оны түсінуге болады. Бірақ бұл түсінікте қандай қате бар. Иә бұрын жеке кәсіпорындарға құйдық. Риск көп болды. Енді үкімет сол өндірістік тізбектерге құйса, анализ жасаса, дұрыс жобалар жасаса, риск азаяды біріншіден, екіншіден шын айтқанда бізде басқа альтернатива жоқ.

МЫҚТЫ ӨНЕРКӘСІП – ЭКОНОМИИКА НЕГІЗІ

Қанат Оспанов экономиканың негізгі саласы өнеркәсіп екенін айтты. Оны шетелдік емес, ішкі инвестициямен көтеру қажет. Сарапшы бұған ұлттық қор мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасын пайдалануды ұсынады. Оның айтуынша шетелдік облигация алғаннан гөрі, нақты өнеркәсіпке бағытталған қаражат анағұрлым берекелі. Елдегі ЖІӨ-ді 4,5-5 процент қарқынмен өсіру арқылы 30 дамыған елмен иық тіресуге болады.

Қанат Оспанов, тәуелсіз экономист:

– Өнеркәсіп қандай жағдайда жұмыс істей алады? Егер өнеркәсіптің ішінде өндірістік тізбектер бар. Мысалы ауыл шаруашылығынан тері алынады. Теріден өңделген тауар шығарылады. Аяқ киім тігіледі, жиһаз жасалады. Әр тізбектің бір буыны, келесі буынға өз өнімін шикізат ретінде сатады. Бізге де сол принципті ұстану керек. Үкімет сол тізбектерді құру үшін көмек беру керек жеке кәсіпорындарға. Кәсіпорындар өздерінен өздері сол тізбектерді жасай алмайды.

ШЫҒЫН ШАШ ЕТЕКТЕН

«Қасіретті қаңтарда» елдегі банкоматтар бүлініп, 1,6 млрд теңге шығын келген. Бұл туралы Финпром кз сайты хабарлады. Жалпы елде 12,5 мың банкомат болса, оның 20 проценті Алматыда шоғырланған. Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі банктердің 4,1 млрд теңге зиян шеккенін айтады. Банкоматтардан 507 млн теңге ұрланды. Оның 99 проценті Алматыға тиесілі. Осы шаһардағы ломбардтардың да шығыны айтарлықтай. 3 млрд теңгеге жуықтайды. Алайда әзірге мұндай ұйымдарға бизнес ретінде қаржылық көмек көрсетілмейді. Қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеровтің айтуынша, Үкіметтік комиссия мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ломбардтардың шығынын өтеу бойынша мәселені талқылаған, бірақ нақты шешім шығарылған жоқ.