Былтыр 30 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидасына алданған

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр 30 мыңнан аса қазақстандық қаржы пирамидасына кіріп кетіп жалпы шығын 55 млрд теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы қаржы пирамидасын ұйымдастырған 126 адам жауапқа тартылды. Құқық қорғау органдары 200-ден аса қылмыстық іс қозғаған. Өкінішке қарай, алаяқтардың қулығына құрық бойламайды. Ал аңқау салымшылардың көбеюі мәселені одан сайын күрделендіреді. Ең сорақысы, кеткен ақшаны қайтару қиын. Ендеше қаржы пирамидасының белгілері қандай? Қаржылық мониторинг агенттігі еске салады. Үлкен табыс жайлы уәдені үйіп-төгетін мұндай компаниялардың экономикалық не инвестициялық қызметпен айналыспайтыны белгілі. Олар әдетте өзін тауар, несие, туристік, құрылыс компаниясы ретінде таныстырады. Әрине, алғашында сенімге кіру үшін ескі салымшының төлемдерін жаңа салымшылардың жарнасы есебінен өтеп отырады. Қаржылық пирамидамен айналысатын компанияның қызметі сан алуан болып келеді. Яғни нақтылық жоқ. Заңсыз бизнесті жарнамалау құралы ретінде әлеуметтік желі мен мессенджер пайдаланылады. Жалпы олардың әрбір әрекеті Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы. Мамандар алданып қалмау үшін сенім артқан компаниядан қаржылық реттеуші ұсынған лицензияны талап ету керек дейді. Әрі ұқыпты болуға шақырады. Ал қаржы пирамидасының қызметіне қатысты сұрақтарыңыз болса, 8 (7172) 708-478 нөміріне хабарласыңыз.

ТАРИФ ҚАЛАЙ ҚҰБЫЛАДЫ?

Қазақстанда жарықты тұтыну үлесі артады. Бұл туралы электр желілерін басқару компаниясы хабарлады. Былтыр мұндай көрсеткіш 6 процентке, яғни алдыңғы жылғыдан 3 есе көбейген еді. Жүктеме ауырлаған сайын елдегі электр стансаларында апат жиіледі. Осылайша биыл 4,6 млрд кВ сағат энергия тапшылығы туындауы мүмкін. Компания өкілдері мәселені біржақты ету үшін жаңа гидравликалық стансалар салуды көздеп отыр. Маневрлі газ электрстансаларын салу бойынша аукцион ұйымдастырылады. Екібастұздағы екі ірі энергия блоктары да іске қосылуы тиіс. Ал энергетика министрі әзірге елдегі жарық құны өзгермейтінін хабарлады.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Дефицит болмауы үшін біз генерацияны көбейтуіміз керек. Екіншіден, электр жүйелерінің сапасын көтеру керекпіз. Сол жұмыстың бәрін біз осы берілген 180 күннің ішінде әзірлеп, сізге қосымша ақпаратты жеткіземіз. Бірақ баға жағынан айтатын болсақ, біз осы жылда 2021 жылдың деңгейімен бағасын сақтауға тырысамыз.

КАРАНТИНДІК ШЕКТЕУЛЕР ЖЕҢІЛДЕП ЖАТЫР

Австралия туристерді қабылдауға дайын. 21 ақпаннан бастап, екпенің қос компонентін алған азаматтар мемлекетке саяхаттай алады. Басты талап вакцинаны жергілікті дәрі-дәрмек әкімшілігі мойындауы тиіс. Бұл туралы елдің үкімет басшысы Скотт Моррисон хабарлады. Австралия пандемия басталғалы шекарасын мүлде ашпаған. Ал Тайландта екінші рет коронавирус жұқтырған туристер үшін карантин алынып тасталады. Осылайша қонақ үйлердегі орын тапшылығы мәселесін шешу көзделіп отыр. Еуроодақ тұрғындары да Литваға саяхат жасай алады. Бастысы меймандар қауіпті вирусқа қарсы екпе салдыруы тиіс. Осы Еуропаның өзінде Британиядан кейін Швеция мен Германия карантиндік шектеуді алуға ниетті. Мысыр билігі де биыл туристеріне түрлі қызықтарды дайындап отырғанын жеткізді. Алайда Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде коронавируспен күрес күшейіп, Индонезия сияқты мемлекеттер шекарасын жаппақшы. Жалпы әлемдегі туризм үлесі 2019 жылғыдан 72 процентке төмен. Бүкіләлемдік туристік ұйым сарапшылары былтырғы сапарлар 4 процентке ғана артқанын хабарлады. Енді олар қалыпты жағдайға тек 2 жылдан кейін ораламыз деп отыр. Айтпақшы біздің ел де шетелдік меймандарын күтуге дайын. Ведомствоаралық комиссия шешімімен мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі жеңілдеді. Қазақстан туристік операторлары қауымдастығының президенті Инна Рей туроператорлар әзірге нақты қандай елдермен байланыс орнатуды білмей жатқанын алға тартты. Себебі бүгінге дейін Қазақстанға келгісі келетін туристер саны көп емес.

Инна Рей, Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті:

– Туристерді қабылдау үшін виза алуды жеңілдету керек. Біз оның құны, рәсімдеу тәсілі мен жылдамдығы, процедуралық сұрақтарды азайту бойынша хат жаздық. Тасымалдау саласын да қолдау қажет. Рейстерге арнайы баға енгізу, сатып алынбаған орындар үшін өтемақы төлеу, чартерлік рейс үшін төлемдерді реттеп алу маңызды.

ҚАРЫЗЫН КЕШІКТІРІП ЖАТҚАНДАР КӨП

Биыл үш ай бойы несиесін өтемеген қазақстандықтардың қарызы 670 млрд теңгеге жуықтаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 38 процент, яғни 413 млрд теңгеге аз. Қарызын кешіктірген борышкерлердің дені Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тұрады. Ұлттық банк жыл басында елдегі қаржылық ұйымдардың активі 38 трлн теңгедей болғанын айтады. Бір жыл бұрын 31 трлн теңгеден сәл асқан. Банктердің таза табысы 78 процентке асыпты.