4%-тік автонесие отандық өнімге сұранысты төмендетуі мүмкін – Экономист

Утилизациялық алым азайса, отандық көліктерге де сұраныс азаяды. Ал жеңілдетілген автонесиені жандандыру осы алым төңірегіндегі дауды басу үшін жасалған қадам. Сарапшылар осындай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24».

4% автонесиені қайта жандандыру мәселесі халықтың назарын басқа жаққа бұру үшін жасалған. Экономист Мақсат Халық осындай пікірде. Оның айтуынша, «ӨКМ Операторы» утилизациялық алымға байланысты шу болғандықтан, бұл мәселені әдейі көтеріп отыр. Ал жеңілдетілген автонесие бағдарламасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеп жатыр. Оған бірнеше ай керектігі де айтылған. Еске салайық, Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеуге 250 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. «Оның 150 млрд теңгесі мемлекеттік бюджеттен және тағы 100 млрд теңгесі «ӨКМ Операторынан» утилизациялық алымнан жиналған ақшадан бөлінуі мүмкін. Бұл сома халықтың осал топтарына бастапқы жарнасыз, 4%-пен автонесие беруге жұмсалады», деп хабарлады ведомсвто өкілдері. 

Мақсат Халық, экономист:

– Бұл утиль алымның айналасында болып жатқан даудың сейілін басу үшін, халықтың назарын сол жаққа  қарай аудару үшін 4 пайыздық несиені жандандырамыз деген мәселені айтып бастады. Негізінде сол утиль алымды алып отырған ұйым солардың ұсыны болатын. Менің ойымша бұл халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін болып тұр деп ойлаймын. Бірінші кезекте утиль алым бойынша нақты ставкаларды шешіп алу керек. Содан кейін ғана жеңілдетілген несие туралы әңгіме айтуға боалды.

Ал утилизациялық алымның ставкасы айдың аяғында белгілі болады. Жоспарға сай алым көлемі төмендеуі тиіс. Бұл жағдайда отандық көліктерге сұраныс азаюы мүмкін. Себебі алым арзандаса, қазақстандықтар сырттан жаңа көлік алып келуге тырысады. Сарапшылар осындай болжам айтып отыр.

ҚАҢТАРДА KASE-ДЕ 44 МЫҢ АКЦИЯ САТЫЛДЫ

Өткен айда Қазақстан қор биржасында шетелдік компаниялардың 44 мыңнан астам акциясы сатылды. «KASE Global» секторында шетелдік компаниялардың құнды қағаздарымен 2260 мәміле жасалды. Олардың жалпы құны шамамен 3,5 мың долларды құрады. Сауда-саттықтық көлемі бойынша Intel Corporation акциялары көш бастап тұр. M&T Bank Corporation  және Тesla акциялары да отандық қорда жиі сатылған. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

ҰЛТТЫҚ БАНК: БЫЛТЫР ЖАЛҒАН БАНКНОТТАР АЗАЙДЫ

Елде жалған ақша азайды. Былтыр Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктерде 519 жалған ақша анықталды. Олардың жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден асады. Қолдан жасалған ақшаның ішінде  екі мың теңгелік банкноттар көп кездескен. Ұлттық банктің хабарлауынша, жалған банкноттар негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында тіркелді.

ЕУРООДАҚ ЭКОНОМИКАСЫ 4%-КЕ ӨСЕДІ

Биыл Еуроодақ экономикасы 4%-ке өседі. Ал электр энергиясының қымбаттауынан инфляция 3,9%-ке дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссияның қысқы экономикалық болжамында айтылған. Алдыңғы күзгі болжамда ол Еуроодақтағы экономикалық өсім 4,3%, ал инфляцияны 2,5% деңгейінде болжады. Мамандар энергия бағасының өсуі инфляцияның негізгі қозғаушы күші болатынын атап өтті. Сондай-ақ көктемге қарай Еуропада газ бағасы тұрақталады делінген құжатта.