Міндетін дұрыс атқармаған жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт тоқтатылады

Енді жер қойнауын пайдаланушылар өз міндетін дұрыс атқармаса онда олармен арадағы келісім-шарт тоқтатылады.

Сөйтіп, кен орындары аукционға шығарылып, жаңа инвесторлар іздестіріледі. Ал аукциондарды өткізу туралы ақпарат міндетті түрде басылым беттері мен интернет ресурстарында жарияланады. Ол өз кезегінде кен орындарын игеру саласына инвестициялар ағынын ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Бұл мәселе Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен өткен жиында егжей-тегжей талқыланды. Бәлкім қордаланған түйткілдің қаралуына мәжілісмендердің депутаттық сауалы түрткі болса керек. Бұған дейін халық қалаулылары жер қойнауын пайдаланушыларға миллиардтаған қаржы бөлінетіндігін айтқан болатын. Алайда олар ғылыми зерттеу жүргізген сыңай танытып, өнім өндіруге бағытталып кетеді. Салдарынан пайдалы қазбалар саласында серпіліс жасайтын ғылыми зерттеулер жоқ. Осылай деп сынаған депутаттар саланы кешенді тексеруді талап етті.

Еуразиялық агроэкспресс жобасы қолға алынбақ

Еуразиялық экономикалық одақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамытуды көздеп отыр. Ол үшін Еуразиялық агроэкспресс жобасын қолға алмақ. Құжат ауыл шаруашылығы  мен тамақ өнеркәсібі өнімдерін Азия мен Еуропаға тездетіп жөнелтуге мүмкіндік береді. Қазір дәл осындай логистикалық жоба Ресей мен Әзербайжан және Өзбекстан елдері арасында іске қосылған.

Коронавирустың жаһандық экономикаға зардабы 13,8 трлн $

Коронавирус салдарынан әлем экономикасы тығырыққа тірелді. 2024 жылға қарай пандемияның жаһандық экономикаға зардабы 13,8 трлн долларға жетуі мүмкін. Халықарлық валюта қоры осылай деп дабыл қағуда. Жағдайды ушықтырмас үшін індетпен күресті күшейту керек. Атап айтқанда, ПЦР-тестілеу мен дәрі-дәрмек баршаға бірдей қолжетімді болу қажет. Халықарлық қордың үйлестіруші–директоры Кристалина Георгиева осындай пікірде. Маман көптеген елдер монетарлық саясаттың қыспағында қалады дейді. Бұл ретте әр мемлекеттің макроэкономикалық саясаты өз жағдайына қарай бейімделуі керек. Әсіресе дамушы мемлекеттер үшін қауіп-қатер жоғары. Бүгінде көптеген елдер індеттің кесірінен қарызға батты. Осы орайда Халықарлық валюта қоры алдымен "қарызды қайта құрылымдауды" қажет ететін мемлекеттерге көмек қолын созу керек деп санайды.

Әлемде жаңа көліктерге сұраныс артты

Әлемде жаңа көліктерге сұраныс артып келеді. JATO Dynamics агенттігі былтырғы жылдың рейтингін жариялады. Сатылым бойынша тізімде Қытай көш бастап тұр. Аспанасты елі 21 млн астам темір тұлпар саудалаған. Соңғы 4 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда сұраныс алғаш рет 1,6 пайызға артып отыр. Бұдан кейін тізімді әдеттегідей АҚШ пен Жапония жалғайды. Одан кейінгі орынға Үндістан мен Германия жайғасты. Ал бұған дейін 9-орыннан көрінген Канада бірден 6-орынға табан тіреді. Ол Франция мен Ұлыбритания, Бразилияны басып озды. Үздік автокөлік нарықтары рейтингінде Ресей оныншы орыннан көрінді.