Экономикалық қауіпсіздік үшін теңге тұрақты болуы керек

Қазақстанда ауқымды дағдарысты еңсеруге жетерлік қор бар. Енді экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұлттық валютаны тұрақтандыру керек. Бұл бағытта қандай шаралар қабылданады?

ТЕҢГЕ ҚАШАН ТҰРАҚТАЛАДЫ?

Экономикалық қауіпсіздіктің негізгі факторы ұлттық валюта екені белгілі. Геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты төл теңгеміз қыспаққа ұшырады. Бұл әрине жұртты үрейлендірді. Көпшілік қолда бар теңгесін АҚШ валютасына айырбастауға тырысты. Тіпті трансшекаралық жасырын ақша аударымдар көбейген. Сондықтан жасанды ажиотажды азайтып, сырт елден келген сатып алушыларға шек қойылды. Яғни өзге елге 10 мың доллардан артық алып кетуге болмайды. Сондай-ақ енді Қазақстаннан шет елге тауар экспорттап, доллармен пайда табатын квазимемлекеттік компаниялар табысының бір бөлігін отандық биржада сатуы тиіс. Бұған дейін оларға пайданың тең жартысын жергілікті нарыққа беру міндеттелген еді. Енді оның үлесін көбейту мәселелері талқыланады. Сондай-ақ мемлекет басшысы жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін отандық биржаға беретініне сенім білдірді. Сарапшылардың айтуынша, бұл қиын қыстау кезде жасалатын белгілі әдіс.

Талғат Демесінов, экономист сарапшы:

- Ресей мен Украина арасындағы ахуал ушыққаннан бастап, ҚР ҰБ теңгенің долларға шаққандағы бағамын ұстап тұру үшін 1 миллиард долларға жуық қаражатты алып, сол КАСЕ арқылы сатып жіберуге мәжбүр болды. Ұлттық қордағы қаражат ол шектеулі. Оны сата беру Ұлттық қордың таусылуына әкеледі.

Президент шаруаларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды

Талғат Демесіновтың айтуынша, мұндай әдіс елде 1993 жылдары қолданылған. Ал жалпы кез келген валютаны тұрақтандырудің негізгі екі әдісі бар. Оның бірі бар ақшаны алтынмен қамту. Біздің ұлттық қорда 30 миллирд долларға тең алтын қоры бар. Бұл айналымдағы теңгені толық жаба алмайды. Осы тұста айта кету керек, бүгінде әлемнің ешбір елі өз валютасын алтынмен қамтамасыз етпейді. Өйткені құнды метал бәріне жетпейді. Валютаны тұрақтандырудың екінші тәсілі өндірісті арттыру. Отандық өнімді экспорттау арқылы ғана мемлекет өз валютасын тұрақтандыра алады. Яғни қарапайым заттар экономикасы, азық-түлік тауарлары ішкі нарықта жеткілікті болуы тиіс. Соңғысының тапшылығы болдырмауды кеше президент өз жолдауында атап өтті. Ол үшін министрліктер мен әкімдерге шаруаларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс. Дихандарға қажетті жанармайды қолжетімді бағамен жеткізіп жатыр ма. Техника, тұқым қоры, тыңайтқыш жеткілікті ме, барлығын тағы бір пысықтап шығу керек. Кей өңірлерде жауын-шашын аз түсіп, егістің шығымына кері әсер етуі мүмкін.  Фермерлік қауымдастықтармен кеңесе отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімді жолдарын талқылау қажет.

10 жылда көлік үш есе қымбаттады

Кейінгі 10 жылда елде көлік 3  есе қымбаттады. Мұндай болжамды Freedom Finance сарапшылары жасады. Салыстыру үшін эконом және бизнес санаттағы Toyota Camry, Volkswagen Polo, Hyundai Accent және Kia Rio маркалары алынған. Мәліметке қарағанда 2012 жылы осы көліктердің орташа құны 3,5 миллион болған. Қазір 10 миллионның маңайында. Баға әлі де көтерілуі мүмкін дейді сарапшылар. Оған бірнеше себеп бар. Соның бірі әлемдегі ахуалға байланысты нарықта металл тапшы болып жатыр. Аккумулятор жасауға қажетті никельдің тоннасы  мың долларға жуықтады. Ал палладийдің бір унциясы 3440 доллар болды. Бағаның өсуіне Ресейге салынған санкциялар әсер еткен. Мәселен 2020 жылы Германиядағы автозауыттарға қажетті никельдің 44 проценті, титанның 41, палладийдің 18 проценті Ресейден жеткізілген. Қазақстанға да кейбір көлік түрлері мен бөлшектері Ресей арқылы жеткізіледі. Бұл елге салынған санкциялар отандық зауыттардың да жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Артур Мискарян, сарапшы:

- Қазіргі көрші елдегі әлемдік автозауыттар өз қызметін шектеп жатыр. Бұл біздің нарықта да көлік түрлері мен бөлішектерінің тапшылығына әкелуі мүмкін. Бірақ қарап қалмау керек. Қазақстандық кәсіпкерлер осы сәтті ұтымды пайдаланып, бренд иелерімен тікелей келіссөз жүргізіп, өкілдіктерін осы елде ашуға тырысуы қажет.