Елімізде газ өндірісі төмендеді

Өткен айда елде 10 жылдағы ең аз газ өндірілді. Табиғи газдың бар-жоғы 3 млрд текше метрі игерілген. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсеткіштің құлдырауына не әсер етті? Елде газды өндіру бар да, өңдеу жоқ. Себебі оған маманданған зауыт тапшы. Мысалы соңғы жылдары 55 млрд текше метр көгілдір отын өндірілді. Ауыз толтырып айтарлықтай көрінер. Алайда оның үштен бірі қайтадан жерге көмілген. Жалпы игерілген газдың 17 жарым млрд-ы ішкі нарықтыкі. 7 млрд текше метрі экспортталады. Бір сөзбен айтқанда, халықтың 60 проценті ғана көгілдір отынның игілігін көруде. Қазақстандағы мұнай-сервисі компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мемлекет жоспардан кенде емес. Бар үміт Қашаған жобасында.

Нұрлан Жұмағұлов, Қазақстандағы мұнай-сервисі компаниялар одағының бас директоры:

– Мемлекет басшысы Жаңаөзен газ өңдейтін зауытты 2023 жылға дейін қосыңдар деді. Жұмыстар жүргізілуде. Ең басты жоба – Қашаған жобасы. Қазіргі таңда 1 млрд текше газ өңдейтін зауыт салынып жатса, 2-3 жылдың ішінде тағы 2 млрд текше метр газ өңдейтін зауытқа инвестор тарту керек. Болашақта тағы да 6 млрд-қа дейін жаңа зауыт салынуы мүмкін.

Оған жету үшін инвестор қажет. Бірақ біздегі газ құнының төмендігі оларды қызықтырар емес. Заң бойынша газ шығарушылар шикізатты ұлттық компанияға үстінен 10 пайыз ғана қосып сата алады. Олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа тетіктер қарастырылуда.

Нұрлан Жұмағұлов, Қазақстандағы мұнай-сервисі компаниялар одағының бас директоры:

–  Күрделі жобаларға, қысымы өте жоғары, күкірті көп кен орындарына және жаңа газ орындарына арналады. Бұл кейбір салықтардан босатылады. Алып-сатудан босатылады. Инвестор компанияны өзі таңдайды. Тауарды сатып ала алады.

Еуроодақ импортқа алынатын газ құнын шектеу бойынша төтенше механизм түзбекші. Осылайша көгілдір отынды бір-бірінен сатып алмай, демеуші мемлекеттермен келісімге келуге міндеттеледі. Көктемде іске қосылатын жаңа бағалар индексі 2023-2024 жылдарға арналады. Шешімге елдегі энергетикалық дағдарыс себеп екені түсінікті. Ал жергілікті халықтың қымбат газ алуға шамасы жоқ. Тығырықтан шығу үшін келешекте отын қорының бір бөлігіне Еуро одақ комиссиясы ұсынатын сатып алу платформасы арқылы тапсырыс берілуі мүмкін. 

ӨТКЕН АЙДА ЕЛДЕ 11 МЫҢНАН АСА ЖАҢА ЖЕҢІЛ КӨЛІК САТЫЛДЫ

Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 14 процентке көп. Жылға шаққанда рекордтық көрсеткіш. Қазақстан авто бизнес қауымдастығы қаңтардан бері сатылған көліктердің саны 87 мыңға жуықтағанын мәлімдеді. Елде өндіріс көлемі де артқан. Алайда ұсыныс сұранысты қанағаттандыра алмайды. Десе де, қазақстандықтар жергілікті зауыттардың өнімін құп көретіндей. Сатылған темір тұлпардың 80 проценті бізде жиналған. Ресейден келетін көліктер қатары сирегелі, нарықты қытайлық тұлпарлар жаулай бастады. Соңғы 3 жылда мұндай бренд саны 2-ден 6-ға жеткен. Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының есебінше, биыл темір тұлпарлар орташа алғанша 18 процентке қымбаттаған. Енді арзандай қоймас, себебі жаһандық нарықта техника тапшылығы жойылған жоқ. Бірақ, қыркүйекте сатылым үлесі 17 процентке өсіп, 7 млн 350 мыңға жақындап қалды. Жыл басынан бері 60 млн-ға жуық көлік иесін тапқан.

ЦИФРЛЫҚ ЮАНЬ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ КӨБЕЙДІ

Пилоттық транзакциялар 14 млрд долларға артқан. Яғни 100 млрд юань айналымда болды. Қытайдың ұлттық банкі сандық валютаны қолдану екі айда 21 процентке өскенін айтады. Елде түбегейлі қолданысқа енбесе де, 5 млн-нан аса жергілікті компания сандық юаньді заңды төлем құралы ретінде қосып алған. Тіпті кей мемлекеттік органдар салық төлемдері, медициналық сақтандыру сияқты операцияларды цифрлық юаньнің көмегімен жүзеге асырады. Дәл қазір Қытайдың ұлттық банкі пилоттық жобаның қарқынды орындалуы бойынша көш бастап тұр.