Электр желілерін жаңғыртуда 12 жоба әзір

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал көп жылғы салғырттықтың салдары екенін жуырда «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында Мемлекет Басшысы ерекше атап өткен болатын.

Батыс Қазақстан облысында сондай қордаланған мәселенің бірі – электр желілерінің 82% тозуы.

Үп еткен желге желілер үзіліп, ел-жұрттың жарықсыз қалатын кездері жиіледі.  Мамандар: «Осы түйінді жайттың шешімін табу үшін «Электр энергетикасы туралы» заңға өзгерістер енгізу керек», – дейді.

Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылы Орал қаласының іргесінде орналасқан. Екі ортаны Жайық бөліп жатыр.  Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылда халық саны жыл санап өсіп келеді. Дегенмен 12 мыңдай тұрғынды мазалайтын басты мәселе – жарықтың жиі сөнуі.

 Николай Петрухнов, Подстепное ауылының тұрғыны:

-2000 жылдан бері осында тұрамын. Жаңбыр жауса, жел соқса, жарық жанып-өшіп  жырпылдайды да тұрады. Соның салдарынан электротауарлар жанып кетеді. Кінәліні таппайсың. Қанша хат жаздық, нәтиже жоқ.

Подстепное секілді үп еткен желге желілері үзіліп, жарықсыз қалатын ауылдар аз емес. Өңірдегі электрмен қамту саласының 82% тозығы жеткен. Былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша 534 млн, жөндеу қорынан 700 млн бөлініп, жоспардағы 1932 шақырымның орнына 2188 шақырым әуе желісі жаңартылған. 4 мыңдай баған ауыстырылып, трансформаторлар қойылған. Алайда аймақтағы ахуалға бұл айтарлықтай әсер етпейді. 

Асқар Ғайсин, Аймақтық электр желілерін тарату компаниясының техникалық директоры;

-Ол бізде қазір 1,5 и 1,8 пайызға тозуын азайтып отырмыз. Ал егерде біздің нормативтік-құқықтық құжат бойынша бір жылда 10 пайыздан төмен тозуын түсіру керекпіз. Алайда оған тариф көлеміндегі ақшамыз жеткіліксіз болып тұр. Бір жылда  10 пайыз түсіру үшін 16 млрд теңге қажет болады.

Ал ондай қаражат компанияда жоқ. Облыс немесе республикалық бюджеттен қаржы бөлудің заңды тетіктері де қарастырылмаған. Сол себепті сала мамандары «Электр энергетикасы туралы» заңға өзгерістер енгізуін тағатсыздана тосады. Жуырда заң жобасы Парламентте қаралыпты.

Мирас Мүлкәй, БҚО Энергетика Және Түкш Басқармасының Басшысы:

- Мәжіліс оң шешімін берді. Осы берілетін қаражаттың бәрін 35-тен төмен желілерге  бағыттайтын боламыз. Атап айтқанда, осы заңға өзгеріс енгізіп жатқаны нақты осы бағытта. 35-тен төмен желілерді қаржыландыру сұрағы. Заң шыққан бекітілген соң,  дер кезінде жасақталған жобаларды апаратын боламыз, бюджеттік өтінімдерді. Бізде қазіргі уақытта 22 млрд теңгеге ЖСҚ дайын. Ол деген 12 жоба, БҚО барлық аудандары бойынша осы жоспарларды жүзеге асыратын болсақ, электр желілерінің тозығы жетуін 62% түсіруіміз керек.

Жылу энергетикасын дамытудың кешенді бағдарламасында бірінші кезекте атқарылуы тиіс істер айқындалған. Бағдарлама 3 жылға есептелген. Ал жалпы өңірдегі электр желілерін толық жаңартуға мамандардың есептеуінше, 168 миллиард теңге керек көрінеді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов