Шағын бизнестен 3,4 трлн теңге салық түсті
Бизнеске қатысты мараторийдің аяқталғаны кәсіпкерлердің жаппай тексерілетінін білдірмейді.
Кіріс комитеті биылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлерді қалай бақылайтынын түсіндірді. Мамандар, бұған дейін ескерту алып, салықты дұрыс төлемей жүргендер бірінші кезекте тексерілетінін ескертеді.
Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, 2023 жылы шағын бизнестен 3,4 трлн теңге салық түсті. Айта кету керек, мемлекет шағын кәсіпкерлерге 3% мөлшерінде салық белгіледі. Басқа елдермен салыстырғанда, бұл өте төмен дейді сарапшылар. Бұдан бөлек, 2020 жылдан бері шағын және орта кәсіпті тексеруге шектеу болды. Бірақ биыл мараторийдің күші жойылды. Енді 760 отандық кәсіпорын кешенді салықтық тексеруден өтеді.
Айдос Мұхамеджанов, мемлекеттік кіріс комитеті аудит басқармасының басшысы:
- Бізде сайтта 760 мекеменің тізімін шығардық. Бұл жерде тек қана заңды тұлғалар. Жеке кәсіпкерлер жоқ. ол қалай таңдалынады? Бұл бізде мерзімдік тексеріс деп аталынады. Әр жарты жыл сайын тізімдер жасалып отырады. Мараторий біте салысымен тізімдер көбейіп жатқан жоқ. Мысалы, өткен жарты жылды алатын болсақ, 633 болды, оған дейін 863.
Тәртіп бұзған, не болмаса ескерту алған мекемелер бірінші кезекте тексеріледі. Бірақ кіріс комитеті тізімге енгендерге бірден бармайды. Алдымен хабармала жіберіп, есептегі олқылықтарды жоюға уақыт береді. Ал ескертуге құлақ аспаған кәсіпкерге айыппұл салынады.
Айдос Мұхамеджанов, мемлекеттік кіріс комитеті аудит басқармасының басшысы:
- Система управления рисками бізде автоматты түрде таңдалынады. Ол мекемелерге шығара салған кезде бірден барып тексеріс жасамаймыз. Алдымен біз деген сайтқа шығарамыз. Онан кейін алдын ала біз 30 күн бұрын хабарлама береміз. Тек қана 30 күн өткеннен кейін барып, салықтық тексеруге шығамыз. Осы 30 күннің ішінде салық төлеушілер өздерінің кемшіліктерін түзетіп, қосымша есептерін тапсырып, түзутеге мүмкіндік беріледі.
Такси жүргізушілері салық төлейді
Көлеңкелі нарықтан шығу үшін бизнеспен айналысатындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, салық төлеуі тиіс. Бұл міндеттеме такси жүргізушілері мен пәтерді жалға беретіндерге де қатысты. Жолаушы тасымалдаушы заң аясында жұмыс істеу үшін, 1% табыс салығын төлеуі қажет.
Цитата:
Ержан Біржанов, Қаржы вице-министрі:
- Жаңа талаптар аясында агенттердің рөліне баса мән беру қажет деп санаймыз. Мысалы, операторды салық төлеуші ретінде қарастыру ұсынылады. Яғни, егер такси жүргізушісі онымен жұмыс істесе, онда оператор соған сәйкес салық төлейді. Бұл әзірленіп жатқан Салық кодексінің нормаларына енгізіледі деп ойлаймыз, қазір бұл мәселе бизнес өкілдерімен талқыланып жатыр. Әзірге такси жүргізушілерінің ұялы байланыс операторы арқылы және патентке сәйкес 1% салық төлеуге толық мүмкіндігі бар.
Салық мәдениетін қалыптастыру маңызды
«Қарапайым кәсіпкер өзі түсінбеген нәрседен қорқады. Және салыққа жолағысы келмей жүрген себебінің бірі де осы. Мемлекетке салық төлеу, есеп беруді бесінші сыныптағы бала да жасай алатындай жеңілдету керек». Бұл экономикалық шолушы Айбар Олжаевтың пікірі. Оның айтуынша, сонда ғана мәселе тез шешіледі. Ең бастысы - салық мәдениетіне қол жеткіземіз. Еске салайық, егер дүкен кассаларында онлайн төлемдерді қабылдаудан бас тартса, тұтынушы мемлекеттік кіріс органдарына шағымдана алады. Кәсіпкерлер төлем карталарын қабылдаудан бас тартқаны үшін алғашында әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал осындай жағдай қайталанса, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл 147 мың теңге.
Декларациялаудың үшінші кезеңі басталды
Биыл Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі басталды. Кәсіпкерлер бар мүлкі мен кірісін ашық көрсету керек. Табыс туралы құжатты жұмыс істемейтін мекеме басшылары да тапсыруы тиіс. «Декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Құжатта шетелдегі активтер: жылжымайтын мүлік, жер телімі, көлік, әуе және теңіз кемелері, барлық банктік салымдар бойынша шетелдік есепшоттағы 3,5 млн теңгеден асатын ақша көрсетілу керек», - деді мамандар. Сондай ақ декларацияда: тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар; бағалы қағаздар, сандық активтер; инвестициялық алтын; зияткерлік меншік, Авторлық құқық объектілері; 37 млн теңгеге дейінгі қолма-қол ақша, оның ішінде банк ұяшықтарындағы қаражат, тіпті жеке тұлғаның нотариуста тіркелген қарыз шарттары көрсетіледі.
2024 жылғы декларация:
- Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар
- Бағалы қағаздар, сандық активтер
- Инвестициялық алтын
- Зияткерлік меншік
- Авторлық құқық объектілері
- 10 мың АЕК-ке дейінгі қолма-қол
- Жеке тұлғаның қарыз шарттары
Егер қаласаңыз, құны 1 мың АЕК-тен асатын кез келген мүлікті көрсетуге болады. Әзірге міндетті емес. Бұл мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, антиквариат, биологиялық активтер болуы мүмкін. Бірақ мұндай мүлікті тәуелсіз бағалаудан өткізу керек.