Елде 65 тауарлы сүт фермасы салынады

Азық-түлік қауіпсіздігі әлем бойынша өткір тұрғаны белгілі. Бұл мәселеге ел билігі де айрықша көңіл бөліп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Үкіметке алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді міндеттеді.

Мемлекет басшысы бұл межеге қол жеткізу үшін өнімнің сапасын арттыру қажеттігін айтты.

Қазір Үкімет тарапынан ауқымды жобалар қолға алынды. Мәселен былтыр Үлкен жоба іске қосылды. Бұл жобаның аясында тауарлы сүт фермаларын, көкөніс қоймаларын, балық және суармалы егіншілік шаруашылықтарын құру көзделеді.

Былтыр жобаға 100 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл қаржыға 65 ферма салынады. Үкімет екі жылдың ішінде 21 ферма іске қосылған Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін негізге алып отыр. Қазіргі таңда облыс республикадағы сүт көлемінің 10 пайызын беріп отыр.

65 ферманың 17-сі Солтүстік Қазақстан облысында тұрғызылады. Сондай-ақ, Алматы облысында – 12, Павлодар мен Ақмола облыстарының әрқайсында 7 фермадан бой көтереді. Бұл жобаның белгіленген мерзімде жүзеге асуы Үкіметтің қатаң бақылауында болады.

Цитата:

«2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырған бірде-бір жобаны 2025 жылға қалдыруға болмайды. Үлкен жобаға бөлінген мемлекет қаражаты бірінші кезекте елімізде тауарлы сүт өндірісін айтарлықтай ұлғайту үшін 65 ферманы іске қосуды көздейді. Әрбір жобаны арнайы комиссия тексереді. Сүт фермаларын салу – Үлкен жобаның бір бөлігі ғана, басқа да өндірістер пулын әзірлеп бастау қажет. Өңірлерге ақпан айының соңына дейін барлық жоба бойынша шешім қабылдауды тапсырамын».

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Қазір елімізде 6 млн тоннадан астам сүт өндіріледі. Ал зауыттар толық қуатына шыққанда еліміздегі сүт өндірісі 400 мың тоннаға жуық ұлғаяды. Осылайша, Үкімет алдағы екі жылда ішкі нарықты сүтпен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

3трлн азық-түлік өндірілді

Ішкі нарық демекші, былтыр еліміздегі азық-түлік өндірісінің көлемі 3 трлн теңгеге жуықтады. Оның ішінде, 28700 тонна сары май, 39  800 тонна ірімшік пен сүзбе, 61400 тонна шұжық өнімдері мен 610 мың тонна өсімдік майы өндірілді.

Азық-түлік өндірісі (2023 жыл):

Жалпы көлемі – 2,9 трлн теңге

Сары май – 28,7 мың тонна

Ірімшік пен сүзбе – 39,8 мың тонна

Өңделген сүт – 548,1 мың тонна

Шұжық өнімдері – 61,4 мың тонна

Өсімдік майы – 609,4 мың тонна

Биыл Үлкен жобаға тағы 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы суармалы алқаптарға, құс фабрикалары мен көкөніс қоймаларының құрылысына жұмсалады.

Егін шаруашылығы назар тыс қалмайды. Үкімет диқандар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырып отыр. Мәселен, фермерлер үшін 3-ші санаттағы бидайға – 120 мың теңге, ал, 4-ші санаттағы бидайға 105 мың теңге мөлшерінде нарықтық баға белгіленді.

Цитата:

«Үкімет резервінен Азық-түлік корпорациясына 350 мың тонна көлемінде бидайды тікелей сатып алуға 31 млрд теңге бөлінді. 400 мың тоннаға жуық жұмсақ бидай көлемінде тұқымдық қор қалыптастырылды. Бұл шаралардың қабылдануы фермелердің қаржылық жағдайын жақсартуға және 2024 жылғы егіс науқанына жан-жақты дайындалуға мүмкіндік береді».

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі

Экспорт көлемі көбейді

Азық-түлік қауіпсіздігінің тағы бір нақты индикаторы экспорт пен импорттағы айырмашылық екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда экспорттың бәсі басым екенін көреміз. Мәселен, былтырғы 11 айда экспорт 14 млн тоннадан асты. Елге 5 млрд доллар табыс кірді. Ал сырттан келген азық-түлік 10 млн тоннаға жуықтады. 

Агроөнеркәсіптегі экспорт пен импорт

2023 жыл /қаңтар-қараша/

Экспорт – 14 124  427 тонна

$4,9 млрд

Импорт – 9 997 299,3 тонна

$5,4 млрд

Экспорттағы өңделген өнім көлемі – 42,3%

Отандық құс фабрикалары қазір ел халқын жұмыртқамен толық қамтамасыз етіп отыр. Ал былтыр қаңтар-қараша аралығында Ресей, Ауғанстан мен Қырғызстанға 190 млн жұмыртқа экспорттады. Айтып өтетіні, Үлкен жоба аясында құс фабрикалары да салынады. Осылайша, құс еті мен жұмыртқа экспорты тағы да ұлғая түспек.