Елде ₸ 1 трлн жуық заңсыз шығарылған актив қайтарылды

Қазір елімізде заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл туралы күнделікті айтып келеді. Бүгінде елге қайтқан қаржы көлемі 1 трлн теңгеге жуықтапты.

Екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде тапсырма бергені белгілі. Арнайы комитет құрылды, арнайы қор ашылды.

«Әділетті Қазақстанды» құруға бет бұрған ел билігі екі жыл бұрын тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен қазынаны түгендеуге кірісті. Бұл орайда, әрине, қолынан келсе, қонышынан басқан пысықайлардың іс-әрекеті бірден назарға ілікті. Нәтижесінде, екі жылда 1 трлн теңгеге жуық актив қайтарылды.

Құзырлы органдардың ауқымды жұмысының арқасында 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысаны анықталды. Олардың 131 шетелде тіркелгені де белгілі болды. Бұдан бөлек, жалпы құны 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар бойынша мәлімет жинақталды.

Банк операцияларына да қатысты жан-жақты тексеріс жүргізілуде. Яғни, сомасы 220 трлн теңге болатын банк операцияларының тізімі жасалды. Бұл орайда, шығу тегі күмән тудыратын 1,4 трлн теңгенің операциялары жан-жақты сарапталып жатыр.

Заңсыз иемденген активтерді қайтару:

344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік

₸448 млрд құнды қағаз

₸220 трлн банк операциялары

Бұған дейін активтерді заңсыз иемденуі мүмкін тұлғалар тізімі жасалған-ды. Қазір кейбір тұлғалармен мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қалай байып кеткенін түсіндіріп бере алмаған кейбір азаматтарға мүлкін мемлекетке қайтаруға мәжбүрлеу туралы талаптар қойылмақ. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағытында Бас прокуратура алуан түрлі елдермен жұмыс жасап жатыр.

Мәселен, осы уақытқа дейін Лихтенштейннен – 260 млн доллар, Австриядан – 82 млн доллар, Араб Әмірліктерінен – 15 млн доллар және Гонконгтан 2 млн доллар қайтарылған.

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, қайтарылған активтер қатарында ақшадан бөлек, ірі кәсіпорындардың акциялары, қонақүйлер, мейрамханалар, кеңселік ғимараттар, жер учаскелері, базарлар, теміржол мен қымбат әшекей бұйымдар бар.

Активтерді қайтару бойынша жұмыстар биыл да жалғаспақ. Қазір күдікке ілінгендер тізімі жаңарып жатыр.

Күдіктілер реестрі жаңарды

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының активтерді қайтару комитетінің төрағасы:

- Комиссияның шешімімен заңның субъектілер тізімі толықтырылды. Жаңадан тізілімге енгізілген тұлғалар тиісті хабарлама алып, олар бойынша активтерді қайтару жөніндегі комитетпен тексеру және басқа да бақылау шаралары жүргізілетін болады. Оның аясында біз сол тізілімдегі субъектінің активтерінің пайда болу заңдылығын тексереміз.

Қайтарылған активтер:

Лихтенштейн – $260 млн

Австрия – $82 млн

БАӘ – $15 млн

Гонконг – $2 млн

Халықтың тағы бір байлығы – жер. Қазір кәдеге жарамай бос жатқан және біреулерге заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару да қарқынды жүріп жатыр. Осының нәтижесінде ауылдар маңындағы жайылым тапшылығын да жою көзделіп отыр. 

Екі жылда аумағы 10 млн гектар болатын ауыл шаруашылық жері қайтарылды. Ал, шаруалар не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермей келген 3,4 млн гектар жерді игеруге кірісті. Сондай-ақ жергілікті фермерлер арасында 2,8 млн гектар жер қайта бөлінді.

Ендігі мәселе – қайтарылған 10 млн гектарды әділетті бөлу. Ауыл шаруашылығы жерлерінің орналасқан орындары көрсетілген «Жеркарта.ғарыш» интерактивті картасы іске қосылды. Жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру қолға алынды.

Цитата:

«Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры пайдаланушылар тарапынан көптеген наразылық тудырады. Жер учаскелерін жедел және ашық бөлуді қамтамасыз ету үшін оны сапалы пысықтау қажет. Екінші мәселе – бүгінде мемлекетке қайтарылған 10 млн гектар жерді бөлу саясаты қандай? 2 млн гектар жер бөлінді. Олардың әділ бөлінуіне және жаңа пайдаланушыларға кім бақылау жасайды? Қайтарылған жерлердің негізгі көлемін жайылымдар құрайды. «Жайылымдар туралы» заң жобасының негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тиімді пайдалану үшін осы жерлерді бөлу және пайдалану, оларды суармалы егістік, жайылымдық жерлерге әртараптандыру және тағы басқа әдіснамасын әзірлеуі қажет».

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Яғни, қайтарылған жердің бөлінуіне қарапайым халық та қатысуы тиіс. Жаңа механизмге сәйкес, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жер ресурстарын үлестіруде тұрғылықты жұртшылықтың пікірін ескеретін болады. Осылайша, елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығы төмендейді.

Бас прокуратурада атап өткендей, активтерді қайтару жұмыстары әлем бойынша жүріп жатыр. Әсіресе, оффшордағы елдермен тығыз байланыс бар. Мәселен, қазір Мэн аралы, Британиялық Виргиния, Сейшел аралдары, Мальта, Кипр сынды елдерге активтер заңсыз шығарылған деген мәлімет бар. Яғни, активтер кез келген елде жатуы мүмкін.

Сондай-ақ, қазір жерлерді цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Былтыр 145 млн гектар жер цифрландырылды. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығы жерлерінің 77 пайызы. Аталған шаруа келесі жылы толық аяқталуы тиіс. Соның нәтижесінде жүйедегі жұмыс алқандағыдай ашық көрініп тұратын болады деген ойдамын.

Жер бойынша жұмыстар:

10 млн га жер қайтарылды

3,4 млн га бос жатқан жер игерілді

2,8 млн га жер қайта бөлінді.