Балық экспортына уақытша тыйым салынады
Министр Ерлан Нысанбаев «Өңделмеген балықтың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салуды енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды. Шектеу бесінші ақпаннан бесінші тамызға дейін жалғасады.
Бұл бекер емес. 2022 жылы Атырау облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізуді тапсырған ед. Меже кезең-кезеңімен орындалып жатыр.
Естеріңізде болса, былтыр да көксерке мен жайын балығын 6 ай мерзімге сыртқа шығаруға тыйым салынды.
Кейін оның экономикалық тиімділігіне талдау жасалды. Нәтижесінде дайын балық өнімдері өндірісінің өскені және жұмыс орындарының саны артқаны белгілі болды.
Ерасыл Суықбаев, ҚР ЭТРМ балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізу елдің балық шаруашылығына қажет су айдындарының балық ресурстарын сақтауға және орнықты пайдалануға себеп болады. Сондай-ақ қосылған құны жоғары терең өңделген балық өнімдері өндірісі көлемінің өсуіне ықпал етеді.
Министрлік толық тыйымды 2025 жылы салмақшы. Оған дейін дайын өңделген балық өнімдерінің экспорты біртіндеп ұлғайтылады.
Қазір 72 кәсіпорын балықты қайта өңдеумен айналысады. Оның 17-сі өнімін Еуро одаққа экспорттайды. Тағы 21 мемлекетке 100-ден аса балық өнімдерін ұсынамыз. Олардың қатарында Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай бар.
Елде аквамәдениет қоры 2018-2022 жылдары 3,5 есе өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, көрсеткіш 19 мың тоннадан асыпты. Шаруалар да көбейіп жатыр. Себебі, салық көлемі 70%-ке төмендеді. Салынған инвестицияның 25% өтемақы ретінде қайтарылады. Сондай-ақ жем құнының 30 пайызы, дәрі-дәрмек пен балықты көбейтуге арналған шығындардың тең жартысы субсидияланады.
Балық шаруашылығын қолдау:
Салық – 70%
Инвестициядан өтемақы – 25%
Жемді субсидиялау – 30%
Шикізатты субсидиялау -50%
Бұл 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының жемісі.
Мемлекеттік қолдау ретінде бюджеттен 269 млрд тг қарастырылған. Бюджеттен тыс жеке инвестиция есебінен тағы 340,5 млрд тг бөлінеді. Қазір Түркістан, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы шаруалар белсенді.
Цитата: Серік Темірханов, балық шаруашылығының құрметті қызметкері:
- Үш аймақ бір-бірінен шикізат жағынан ерекшеленеді, әрине бұл көрсеткіштерге әсер етеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында аквамәдениет жақсы дамыған. Мұнда форель өндіретін 2 ірі шаруа қожалығы бар. Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлі - жабайы балық қоры бойынша көшбасшылар, сонымен қатар-өңделетін балықтың үлкен қоры бар. Ал Түркістан облысы – тауарлық балық бойынша көшбасшы. Бірақ Атырауда аквамәдениет нашар дамыған, мұнда негізінен барлық қайта өңдеу Орал-Каспий бассейнінің табиғи қорына, яғни жабайы балыққа негізделген.
Елде балық аулау және балық өсіру саласына салынған инвестиция артып жатыр. Былтыр оның үлесі 22,3 млрд теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,1 есе көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адамға жылына 16 келі балық жеуді ұсынады. Ал қазақстандықтар бір жылда 5 келідейін ғана тұтынады. Десе де, саламатты өмір салтын таңдағандар қатары артып келеді. Соған сәйкес балық өнімдеріне не сұраныс еселенеді. Отандық өндірушілер де ұсыныстан кенде емес. Бұл анық.