Былтыр елде 10 700 шақырым жол жөнделді
Еуразияның кіндігінде орын тепкен Қазақстан транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта айқын тапсырмалар берді.
Бүгінде біздің ел арқылы өтетін 8 транзиттік автомобиль жолымен 42 елге жүк тасымалданады
Сондықтан осы жолдарды бабында ұстау – Үкіметтің мойнындағы басты міндеттің бірі.
Былтыр елде 10 700 шақырым жол жөнделді. Қаржыландыру көлемі 14 пайызға артты. Яғни, 753 млрд теңге бөлінді.
Нәтижесінде, көпшілік аяқталуын асыға күткен бірнеше ірі дәліз қолданысқа берілді. Бұлардың қатарында Үлкен Алматы айналма жолы, «Қандыағаш – Мақат» және «Үшарал – Достық» жолдары бар.
Сондай-ақ, құрылысы созылып кеткен 6 жолдың бойындағы жұмыс жанданды. Яғни «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Меркі – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» бағыттарында тынымсыз жұмыс жүргізілді. Сөйтіп, 923 шақырым жол халық игілігіне берілді.
Батыс Қазақстан облысындағы «Казталов – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге ерекше көңіл бөлінді. Бұлардың ұзындығы 245 шақырым. Қазір 220 шақырымы көлік қозғалысына ашық. Қалған жұмыстар биыл аяқталады.
Ұзаққа созылған жол құрылыстары аяқталады
Жоспар демекші, алдағы уақытқа түзілген жоспар да ауқымды. 2030 жылға дейін жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын маңызы жоғары жол жобалары жүзеге асады. Оның 4700 шақырымы – республикалық маңыздағы, 4500 шақырымы – облыстық маңыздағы жолдар.
Ұлу жылына жоспарланған жобаларға келсек. Биыл Қарағанды мен Жезқазған арасында төрт қатарлы жолдың құрылысы басталады. Қос қаланы жалғаған 513 шақырымдық жолдың 40 шақырымы тақтайдай тегіс болуға тиіс. Яғни, күн жылына Ақтайлақ, Қарамола және Бидайық ауылдарының тұсында жұмыс қызады. Сондай-ақ, республикалық бағыттағы «Ақтөбе – Ұлғайсын» арасында төрт қатарлы жол салынады. Яғни, 56 шақырым жаңадан төселеді.
Сонымен қатар, биыл Сарыағаш айналма жолының 102 шақырымы жөнделеді. Бұдан бөлек, Қызылорда – Жезқазған арасындағы 216 шақырымды жөндеу бойынша жұмыстарды бастау жоспары тұр.
Сырым Хамзин «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Қайта жаңғырту, құрылыс жұмыстары 3100 шақырымды қамтитын болады. Атырау-Астраханды толық бітіру, Талдықорған-Өскемен-Қалбатау, жаңағы осы жолдарын бітіру, Қарағанды-Алматы, Мерке-Бурылбайталдың бір учаскесі қалды 82 шақырым. Және Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов-Жәнібек, Өнеге-Бисен-Сайхын жолдарын бітіру, Ақтөбе-Қандығаш, осы жобаларды біз биыл аяқтау бойынша жұмыс жасайтын боламыз.
Қиыршық тас қоры 30 пайыздан асты
Қазір құрылыс маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Құрылысқа қажет битум мен қиыршық тас қорын жинау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы, маусымға 8 млн 300 мың текше метр қиыршық тас керек. Әзірге, 30 пайызы жиналды. Ал битум қорымен Каспий битум зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауыты қамтамасыз етеді.
Жол сапасы материалдың сапасына байланысты екені белгілі. Бұл орайда жол төсеушілер Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының сараптамасына сүйенеді. Яғни, зерттеу нәтижелеріне сәйкес бекітілген нормативтік-техникалық құжаттар бойынша жұмыс істейді. Аталған мекеме климаттық ерекшеліктерге сәйкес битум құрамын белгілейді.
Сырым Хамзин «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Екі түрі бар Қазақстанда көбінесе қолданылатын. Ол 70-те 100 және 100-де 130 марка. 70-те 100-ді көбінесе осы оңтүстік аймақтарда қолданамыз. Орталық және солтүстік аймақтарға 100-де 130 маркасын қолданамыз. Оңтүстікте ауа райы температурасы жоғары болғандықтан ол жаққа қою битум қолданылады. Ал орталық және солтүстіктерге кішкене сұйықтау битум қолданылады. Ол 100-де 130.
Елдегі жолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырымнан асады. Экономикалық маңызы жоғары жолдардың қатарында «Қарағанды-Балқаш» автожолын ерекше атап өтуге болады. Биыл да жол бойындағы жөндеу жұмыстары жалғасады. Бұл мақсатта 9 мың тоннаға жуық битум, 342 мың текше метр қиыршық тас әзірленді. Осылайша, 2019 жылы басталған жұмыстар биыл толық аяқталуға тиіс.