Медициналық қызмет құны артты

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты түскен арыз саны былтыр 20 пайызға артты.

Бұл туралы жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Ведомство басшысы медицинадағы тиімсіз шығынды болдыртпас үшін жуырда салаға жіті тексеріс жүргізілетінін жеткізді. Ал бұған дейін МӘМС төлемін 5 есе көтеру ұсынылған еді. Ия, денсаулық сақтауға қатысты заң жобасы ашық нормативті актілер платформасы арқылы қоғам талқысына ұсынылған еді. Талқылау мерзімі кеше аяқталды. Демек, құжат алдағы уақытта парламенттің қарауына өтеді. Ал жалпы экономистер бұл идеядан кет әрі емес сияқты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың мәселесі қалың жұрттың көкейіне ілінгелі қашан. Бірақ оған зер салмас бұрын, саладағы қызметтер құнына тоқталсақ. Энерджи пром басылымы амбулаторлық емнің бағасы 14 пайызға қымбаттағанын жариялады. Яғни, қараша мен желтоқсан аралығындағы өсім 1 пайыздан асса, ал жылдық өсім 13,6 пайызды құрады.

Мәселен, амбулаторлық дәрігерлердің қызметі желтоқсанда 5,8 пайызға қымбаттады. Бастапқы қабылдау құны 0,5, ал медициналық зертхана мен рентген кабинеті қызметінің бағасы 0,7 пайызға көтерілді. Сондай-ақ тісті емдету құны 1 пайызға өскен.

Жылдық динамикаға үңілсек, емхананың бастапқы қабылдауы 18, амбулаторлық дәрігердің қызметі 19, зертханалар мен рентген кабинеттерінің құны 12 пайызға ұлғайды. Тісті емдеу бағасы 11 процентке өскен.

Былтыр қыркүйекке дейінгі денсаулық сақтау қызметтеріне бағытталған қаражат көлемін електен өткізсек. Халықты бюджет есебінен емдеуге 542 млрд-қа жуық қаржы жұмсалған. Жылдық өсім 16 пайызға жуықтайды. МӘМС жүйесі арқылы 128 млрд теңгенің қызметі көрсетілген екен. Мұндағы өсім 26 пайызға дейін өскен. Кәсіпорындарды қоса алғанда, медициналық көмектің жалпы құны 16 пайызға артыпты.

Денсаулық сақтау саласына инвестиция

Әлеуметтік маңызы бар салаға былтыр 12 айда 410 млрд инвестиция құйылған екен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Мына картада қай өңірге қанша қаржы тартылғаны көрсетілген. 119 млрд-қа жуық ең қомақты қаржы Астанаға бөлінген. 58 млрд-ты Алматы қаласының медициналық мекемелері еншілесе, Түркістан облысына 25, ал Атырау өңіріне 22,5 млрд теңге үлестірілген. Маңғыстау, Ұлытау және Жетісу аймақтарына инвестициялық қаржы анағұрлым аз тиген.

Хош, бұл медицина мекемелерінің қызметін жақсартуға бағытталған қаржы. Ал халық денсаулығын оңалтуға арналған қор қаржысы қалай игеріліп жатыр? 2025 жылдан бастап МӘМС төлемін бес есе арттыру бастамасы көтерілген еді. Оны жақтайтындар да, даттайтындар да бар.

Негізі мұндай өзгеріс еңбек ететін халықтың оннан бір бөлігіне ғана қатысты. 850 мыңнан астам жалақы алатындардың үлесі осындай. Бұл ретте денсаулық сақтау саласының қаржы және саясат жөніндегі сарапшысының пікіріне құлақ түрсек.

МӘМС жүйесіне қатысты өзгеріс

Цитата: Әли Нұрғожаев, денсаулық сақтау саласының қаржы және саясат жөніндегі сарапшысы: 

- Төлемнің өсіміне келер болсақ, ол тек айлық жалақысы 850 мың теңгеден асатындарға қатысты болмақ. Қазір айлығы 1-4 млн теңгеге жететін жұмысшылар МӘМС-ті тек 850 мыңнан ғана есептеп төлейді. Қарапайым халықпен салыстырғанда оларға төмендетілген мөлшерлеме қойылғанын көреміз. Яғни, «бай кедей үшін төлейді» деген қағидаға қайшы келеді. Ал бұл әлеуметтік мемлекетті құрудағы ұмтылысымызға кереғар боп тұр.

Бұған дейін де айтылғандай, Қазақстанда еңбекақысы 850 мыңнан асатын жарты миллион халық бар. Солардың есебінен сақтандыру қорына 243 млрд теңге түсіріп, салаға жетпей жатқан қаржыны өндіруге болар еді. 

Ал ай сайын МӘМС-ке деп аударылатын қаржы қаншылықты тиімді жұмсалады? Жаңадан тағайындалған Ведомство басшысы ең алдымен осы мәселеге ден қоятынын аңғартты.