Отандық бал бағасына сай
Елдегі қант зауыттары ішкі нарықтың 40 пайызын ғана қамтиды. Соның өзі өтпей жатыр. Өндірілген өнімнің көбі қоймада тұр.
Есесіне бал өндірісінде көш ілгеріміз. Қазір елдегі тәтті өнімнің 77%-ы Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Енді аймақта жаңа кәсіпорын бой көтереді. Мақсат - ел бренді саналатын балдың экспортын арттыру. Бұл үшін барлық омарташы өнімдерін арнайы агрегатор зауытқа жеткізеді. Кейін ол өңделіп, дайын өнім сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Бұл туралы аймақ басшысы мәлімдеді. Қазір қазақстандық балды Өзбекстан, Қытай, Сауд Арабиясы тұтынады. Елде омарташылықты кәсіп ететіндер жеткілікті. ШҚО-дан бөлек, СҚО, Жетісу өңіріндегі шаруалар жылына 12 мың тоннасын өндіреді. Бірақ өз ішімізде балға деген сұраныс аз. Ал ДДСҰ әрбір адам күніне 50-100 грамм бал жеу керек дейді. Біздегі көрсеткіш бұдан әлдеқайда төмен. Оның өзінде Ресей, Беларусьтен жеткізілген арзан балды таңдап жатады.
Айбек Нұртазин, шаруа қожалығының басшысы:
- Сапалы өнім болғаннан кейін оның бағасы да арзан болуы мүмкін емес, арзан өнім болса, керісінше зиян болуы мүмкін, сол өте қауіпті.
Отандық бал бағасына сай.
Балдың да сан түрі бар. Ал баға 2500-4000 тг аралығында. Оған әсер ететін фактор көп. Өзіндік құнының 60 пайызы жұмысшылардың жалақысына кетеді. Өндіріске қажет жабдықтар 32 пайызын алады. Коммуналдық шығындарды қоса есептегенде 10 пайыз. Бұдан бөлек, үш пайыздық салық пен сондай мөлшердегі ЖЖМ шығыны бар, ал дайын өнімді тасымалдау ақысы 2 пайызға тең. Мұның үстінде кәсіпкер пайдасы бар. Ол шамамен 20-30 пайыз. Әрине бөлшек саудадағы баға тағы өзгереді, оған сауда нүктесін жалға алу, өнімді жеткізу және сатушыға жалақы төлеу, т.б. кіреді.
Айбек Нұртазин, шаруа қожалығының басшысы:
- Балдың бағасына әсер ететін ең бастысы адамдардың жалақысы, омарташыларды жалдап, еңбекақысын төлейміз. Автокөлік шығындары бар. Ауылшаруашылық саласы болғаннан кейін.
Сөйтіп бал өндірушілер таза балдың бағасы айтарлықтай өседі дейді. Ал ел арзанға құмар. Арзанның жілігі татымайтынын біреу білсе де, біреу білмейді. Сырттан келетін өнімнің барлығы бірдей сапалы деуге тағы келмейді. Сондықтан бал өндірушілер тек отандық өнімді тұтынуға кеңес береді. «Сайып келгенде жергілікті бал қымбат деуге келмейді», - дейді омарташылар.
Былтыр селекциялық және асыл тұқымды арашаруашылығын дамытуға
425 млн теңге субсидия бөлінді. Бұл алдыңғы жылдан 14 пайызға көп.