АМӨЗ: Өндіріс қуаты 1,7 млн тоннаға артады
Алдағы бес жылда Атырау мұнай өңдеу зауытының қуаты 1,7 млн тоннаға артады деп жоспарлануда.
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев өңірге сапары кезінде мәлімдеді. Өндіріс орындарында болған ол кәсіпорынның басты технологиялық құрал-жабдықтары мен механикалық тазарту қондырғыларын аралап көрді. Сондай-ақ, таяуда техникалық ақау шыққан бөліктің жұмысымен де танысты.
Үш кезеңді жаңғыртудан өткен кәсіпорында былтыр 5,5 млн тоннадай мұнай өңделіп, 4,9 млн тоннаға жуық тауарлық өнім шығарылды. Мұнайды орташа өңдеу тереңдігі 82,1% пайызға өскен. Зауыт жұмысымен танысқан Мағзұм Мырзағалиев таяуда ақау шыққан қондырғыны да көрді.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Ол жерде жанармай емес, су төгілді. Бұл былай айтқанда «тупиковой труба» дейді, ең аяқ жағында тұрған олигомеризациялау қондырғысы. Бұл өндірістік режимде пайдаланылмайтын құбыр. Жалпы, екі айдың ішінде 919 мың тонна мұнай өңделді. Бұл біздің жоспарымызға сай келеді. Сұйылытылған, газ, бензин авиакеросин жоспардан көп мөлшерде өндірілді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған көне кәсіпорын. Сондықтан мұнай өңдеуде кездесетін технологиялық кідірістердің алдын алу үшін жоспарлы жөндеу жұмыстары өткізіліп келеді. 2023 жылы компания зауытты жаңғыртудың 5 жылдық бағдарламасын қабылдаған.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- 5 жылдың ішінде тиісті қаражат бөлініп, мына ескі бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, толығымен жаңарту керек. Себебі, 2006-18 жылдарда болған модернизация зауыттың ескі бөлігінде аса көп жұмыс жасалған жоқ.
Толықтай қайта жарақтандырылудан өткен зауыт жылына 6 млн 700 мың тонна мұнай қабылдайтын болады. Кәсіпорында түсті мұнайды өңдеуге мүмкіндік туады. Яғни, зауыттан шығатын өнімдердің сапасы артып, түрлері көбейеді. Атырауға сапары барысында басқарма төрағасы KPI газ-химия кешеніне барып, жұмысымен танысты.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов