Брюссельде Бельгия - Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтті
Бельгия Қазақстан үшін ірі инвесторлардың бірі.
Соңғы 30 жылда корольдіктен елге құйылған тікелей қаржы көлемі 11 миллиард АҚШ долларынан асты. Ал былтыр өзара тауар айналымы 523 миллион долларға жетті.
Жанат Эрнст, тілші:
- Бельгия Қазақстан үшін ірі инвесторлардың бірі. Соңғы 30 жылда корольдіктен елімізге құйылған тікелей қаржы көлемі 11 миллиард АҚШ долларынан асты. Өткен жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 523 миллион долларға жетті.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 70 бельгиялық компания жұмыс істейді. Еліміздің Бельгия мен Люксембургтегі Елшісі Марғұлан Баймұхан инвестициялық мүмкіндіктер мен қазақстандық өнімдерді Еуропа нарығына тартудың жолдары туралы мәлімдеді. Ал Корольдіктің Қазақстандағы елшісі Анри Вантигем еліміздің Орталық Азиядағы маңызды рөлін атап, көбірек инвестиция құюға шақырды. Бизнесмендер фармацевтика, құрылыс және басқа да салалардағы ынтымақтастықты талқылады.
Әнуар Құржықаев, «Бенилюкс» сауда палатасының бас директоры:
- Сауда Палатасы 2021 жылы құрылды. Бүгінде 50-ге жуық компания бар. Компаниялардың 60 пайызы Бенилюкс аймағынан болса, 40 пайызы Еуропа нарығына шығуға мүдделі қазақстандық компаниялар.
Жан-Филипп Мержен, «BECI» компанияның халықаралық директоры:
- Алдымен бизнестің қандай мүмкіндіктері барын және инвестициялық ахуалды түсіну қажет. Қазақстан бельгиялық компаниялар үшін онша танымал емес. Және оларға бизнес пен инвестиция үшін үлкен әлеуеті бар тау-кен және шикізат секторындағы мүмкіндіктер туралы мәлімет жеткізу өте маңызды.
Жиынның басты нәтижесі – «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы мен бельгиялық «Ahlers» көлік-логистикалық компаниясы, сондай-ақ «БеНиЛюкс» сауда-өнеркәсіп палатасы мен бельгиялық «MEUWISSEN» заң компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сәкен Олжабаев, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының ресми өкілі: - Бүгінгі іс-шарада біз жаңа компанияларды көрдік. Бұлардың арасында фармацевтика саласында, логистика саласында компаниялар бар. Бүгінгі іс -шарада біз «Ahlers» компаниясымен меморандумға қол қойдық. Қазақстанда, Алматы облысында логистикалық терминал салуға ниеттері бар. Осы компаниямен біз қазір жұмысты тығыз жасап жатырмыз. Осындай компанияларға қолдау көрсету, олардың Қазақстанға ең бірінші сәтінен бастап, өздерінің жобасын аяғына жеткізген сәтке дейін біз барлық инвесторларға сондай қолдау көрсетеміз.
Дидье Дюпонсель, «Ahlers Logistics» компаниясы бөлімшесінің директоры:
- Біз Қазақстанда логистикалық қызмет көрсету саласында 25 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Сондықтан Қазақстан инвестиция үшін ең жақсы орын деп санаймыз. Нарықты зерттей келе, қоймалар салуға инвестиция құюды ұйғардық. Ал сіздердің үкіметтеріңіз бізді қолдап отыр. Бүгін қол қойылған меморандум байланыстарымызды нығайта түсті. Бұл біз үшін өте маңызды жоба. Еуропалық және америкалық стандарттар бойынша А санатындағы жаңа қоймалар саламыз. Бұл бағытта тәжірибеміз жеткілікті.
Өткен жылы құрылған «Қазақстан-Бельгия» іскерлік кеңесінің жұмысының арқасында Бенилюкс елдерінің фармацевтикалық және медициналық компаниялары елімізге келіп үлгерді. Бүгінгі кездесу серіктестікті дамытудың келесі кезеңі болып есептеледі. Алда аталған жобаларды жүзеге асыру және жаңа бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту міндеті тұр.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов