2 миллиард ағаш отырғызу керек

Наурыз – тазару мен жаңару айы.

Сондықтан, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қазақ бұл айда ауыл-аймақты тазалап, жасыл жлек отырғызуға ерекше мән берген. Ал біздің елді ағаш отырғызу ісіне мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр. Президент бұдан бұрын ел көлемінде 2 млрд ағаш егу туралы тапсырма берген еді.

Иә, Мемлекет басшысы осыдан 4 жыл бұрын, яғни, 2020 жылы орман алқаптарында – 2 млрд, ал елді мекендер аумағында 15 млн түп ағаш егуді тапсырған еді. Бұл меже 2025 жылға дейін бағындырылуы тиіс-ті.

Дегенмен, бірқатар өңірлердің әкімдері Президенттің тапсырмасын орындауға үлгере алмай жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр 340 млн шыбық отырғызылды. Бұл былтыр егілуі тиіс ағаштың 73 пайызы ғана.  

Аталған министрлікте өткен отырыста вице-министр Нұркен Шәрбиев жоспарды орындамаған аймақтарды атап өтті. Мәселен, Павлодар облысының әкімдігі жоспарда көрсетілген ағаштың тек 5 пайызын ғана отырғызған. Қарағанды облысында егілуі тиіс жасыл желектің 12 пайызы ғана егілген. Қостанайлықтар да жоспардың жартысын еңсермегені белгілі болды. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына салғырт қарағандар қатарында Ақтөбе, Қызылорда мен Ақмола облыстары да бар. Тіпті, орман алқаптарын сақтап, қорғауға, оны көбейтуге бірден бір жауапты мекемелер де міндетіне жүрдім-бардым қараған. Мәселен, «Семей орманы», «Бурабай»  табиғи паркі және «Жасыл аймақ» кәсіпорны сынды мекемелер де жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеген.

Жауаптылар жоспарды орындау үшін қаражат жеткіліксіз болғанын алға тартады. Яғни, кестеден қалып қойғандықтан жоспарда көрсетілген меже биыл да, келесі жылы да игерілмеуі мүмкін. Әкімдіктер әлі 712 млн ағаш отырғызу керек. Енді оған ағаш та жетіспейді. Себебі, орман шаруашылықтарының питомниктерінде көп дегенде 242 миллион көшет өсіруге болады. Ал бұл қажетті шыбықтың 34 пайызы ғана. Үкімет сексеуіл өсіруге де баса көңіл болып отыр. Осы арқылы Аралдағы экологиялық апаттың зардабын төмендетуді көздейді. 2025 жылға дейін 1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу керек. Алайда, 2021 жылдан бері бұл жұмыстың жартысы ғана тындырылды. Барлығы 545  000 гектар жерге сексеуіл егілді.

Ағаш отырғызу /2023 жыл:

Павлодар облысы – 5%

Қарағанды облысы – 12%

Қостанай облысы – 45%

Ақтөбе облысы – 66%

Солтүстік Қазақстан облысы – 77%

Заңсыз қоқыс полигондары азайды

Жалпы, қоршаған орта туралы айтқанда қоқыс мәселесі тілге оралады. Күн жылысымен жер-жерде сенбіліктер жанданатыны анық. Қолына күрегі мен тырмауышын ұстаған отандастарымыз арықтардың бойын аршып, тал-дарақтың түбін әктеуге кіріседі. Қыс бойы қар астында жатқан қоқысты тиеген көліктер полигонмен екі ортада зулайды. Осы полигондардың жай-күйі қандай қазір?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша кейінгі үш жылда рұқсат етілмеген полигондар саны азайып келеді. Мәселен, 2020 жылы елде 9 мыңға жуық полигон анықталса, былтыр олардың саны 38 пайызға азайғаны белгілі болды. Яғни, 5500 полигон тіркелді.

Қазір бұл тұрғыда заңды күшейту көзделіп отыр. Мәселен, белгіленбеген жерге қоқыс төккені үшін салынатын айыппұл сомасы 50 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке дейін өспек.

Заңсыз қоқыс полигондары

2020 жылы – 8884

2021 жылы – 7328

2022 жылы – 5683

2023 жылы – 5533

Бейқам басшыларға айыппұл салынды

Мәселен Шығыс Қазақстан облысында рұқсат етілмеген жерге үйілген 200-ге жуық қоқыс алаңы тазартылды. Енді тағы 90-ға жуық үйінді жойылады. Қатты қалдықтар ретсіз шашылып жатқан жер әсіресе Өскеменнің маңайынан көп табылған. Сонымен қатар Ұлан, ШемонАиха аудандарында да баршылық. Ал Қатонқарағайда қалдық төгетін арнайы жабдықталған жер мүлдем жоқ. Санитарлық талапқа салғырт қараған аудан шенеуніктері мен коммуналдық қызмет басшыларына 232 мың теңге айыппұл салынды.

Бақыт Кұмарқанова, облыс бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

- Экология департаментінің мамандарымен және  аудан әкімдігі өкілдерімен бірлесіп арнайы кесте құрдық. Онда барлық заңсыз үйілген қоқыс орындары жайлы ақпарат бар. Сол мәліметке сүйеніп, олардың қалай тазаланып жатқанын тексереміз.

Қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Ұлытау облысында жылына 100 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салынады. Жобаға бір емес, бірнеше инвестор қызығушылық танытып отыр. Қазір зауыт салынатын аумақ белгіленіп, жер телімі рәсімделіп жатыр. Нысан Жезқазған мен Сәтбаев қаласының  ортасындағы өндірістік аймақта салынады. Себебі, Жезқазғанның бас жоспарына сәйкес болашақта бұл жерде қос қаланың тұрмыстық қалдығы төгілетін полигон болады.

Қуат Имантүсіпов, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Осы екі қаладан шығатын 100 мың тонна қоқысты қайта өндеп, кәдеге жарату басты мақсатымыз. Бұл біріншіден экологиялық ахуалды жақсарту, екіншіден материалдарды өзіміздің зауаттан өңдеп шығару және ең бастысы тазалық-денсаулық кепілі. Осы инвесторлардың қайсының инвестициялық жағдайы дұрыс соған жер қарастырылып, зауыт салуға мүмкіндігін барынша жолдарын қарастырып жатырмыз.

Қоқыстың 24 пайызы қайта өңделеді

Былтыр елде 4 млн тоннадан астам қоқыс шығарылды. Үкімет осы қалдықтарды қайта өңдеуді жандандырмақ. Себебі, қоқысты кәдеге жарату арқылы бір оқпен екі қоянды атып алуға болады.

Цитата:

«Коммуналдық қалдықтардың морфологиялық құрамының шамамен 70 пайызы пайдалы фракциялардан тұрады. Атап айтқанда, 16 пайызын – пластик, 11 пайызын – макулатура, 9 пайызын – шыны, 37 пайызын – органикалық қалдықтар, ал 27 пайызын тағы басқа заттар құрайды. Бұл көрсеткіштің өңірлерге байланысты айырмашылығы болуы мүмкін. Қазір шыны, пластик және макулатура сияқты қалдықтардың негізгі түрлерін қайта өңдеу қуаты төмен деңгейде. Қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияларды, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет».

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі

Биылдан бастап коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпорындарды құруға жеңілдетілген несие берілмек. Соның нәтижесінде қоқысты қайта өңдейтін 37 зауыт іске қосылады. Ал әзірге елдегі қоқыстың тек 24 пайызы қайта өңделіп отыр.