Жеңіл өнеркәсіпте өсім бар

Наурыз – ұлттық салт-дәстүрімізді танытып, рухани құндылықтарымызды әспеттейтін мейрам.

Біздің қазақ екенімізді өзгеге танытатын кереметіміздің бірі – ұлттық киім. Наурызда шапанымызды жамылып, бөрігімізді киіп, өзгеге сән-салтанатымызды көрсетуге барымызды саламыз.

Дегенмен, қазір ел арасында ұлттық киімді қымбат деп жүргендер де баршылық. Олардың айтуынша, әркім-ақ кигісі келеді. Бірақ, бағасы қалта көтермейді.

Жеңіл өнеркәсіп ақырындап дамып келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өндірілген өнім көлемі 12 пайызға артыпты. Сондай-ақ, сәлден кейін ұлттық киім бағасы туралы да айтып беремін. 

Жеңіл өнеркәсіпте өсім бар. Былтыр  тоқыма бұйымдары – 18,9 пайызға, киім тігу 7 пайызға өскен. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша былтыр инвестиция тартуға баса көңіл бөлінді. Жалпы құны 2 млрд 600 млн теңге болатын 5 кәсіпорын қолданысқа берілді. Сөйтіп, 357 жаңа жұмыс орны құрылды.

Кейінгі жылдары саланы дамытуға Үкімет тарапынан назар аударылып отыр. Үш жыл бұрын 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Жол картасынла заңнамалық базаны жетілдіру, шикізат базасын дамыту, кадрмен қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибені енгізе отырып мемлекеттік қолдау шараларын күшейту мәселесі қамтылған. Мәселен, кәсіпкерге берілетін кредиттің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады. Ал кәсіпкердің кепілі жеткіліксіз болған жағдайда ішінара кепілдік те беріледі.

Саланы дамытуға "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы оң ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, қолдау құралдарының жаңа тәсілі ретінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы қаржыландыру механизмін атап өтуге болады. Өнеркәсіптік жобалар қор тарапынан 3 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылады.

Киім тігу өндірісі:

Инвестиция – ₸2,6 млрд

5 кәсіпорын іске қосылды

357 жұмыс орны ашылды

Баға шикізатқа тәуелді

Дегенмен, халық арасында ұлттық киімдер қымбат деп айтатындар да бар. Әрине, базар барсаңыз, көршілес елдерде тігілген шапанымыз бен бешпентіміз самсап тұр. Бағасы да қолжетімді. Бірақ «арзанның жілігі татымайды» деген. Бір кисе, қолтығы сөгіліп шыға келетін бұл киімді күнделікті кию мүмкін емесі белгілі. Халықтың іздеп жүргені сапалы да сәнді киім. Және бағасы да арзан болса дейді. Алайда, ұлттық киімді тігетін тігіншілер сапалы киімді арзанға сату мүмкін емес екенін айтады.

Венера Исина, тігін цехының басшысы:

- Мысалы, шикізатты алудың өзі оны біз шетелден әкелеміз, Бішкектен әкелеміз, Алматыдан әкелеміз. Сондықтан да, оның бағасы өте жоғары болады. Инесі бар, жібі бар, төлейтін ақшасы бар. Біздегі мынау электр жарық, оның бәрі, сол бүкіл расходты қосқан кезде, әрине, бір киімнің бағасы жоғарылайды.

Тігінші тапшы

Кәсіпкерлердің бас ауруына айналған тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Қазір фабрикалар тұрмақ, шағын тігін цехтарында тігінші жетіспейді. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам колледжде тігінші мамандығына оқытады. Жылына 3 мыңнан аса жас тігінші дипломын алын шығады. Алайда, нарықта тігіншіге деген сұраныс жоғары болып тұр.

Венера Исина, тігін цехының басшысы:

- Тігінші кадрлар жеткіліксіз. Мысалы, 95-ші жылдары адрлар өте көп болды. Олар, 95-ші жылғы кадрлар, қазір енді олар пенсияға шығып кетті дейік. Ол уже пенсияға шығып, өздерінің пенсияларын алып отыр. Ал енді, жас кадрлар, жас кадрларға оларды үйрету керек.

Әлгінде айтқан жол картасында осы кадр тапшылығын жою мәселесі де қамтылған. Яғни, бұл жерде мектеп қабырғасында жүрген жас түлектер арасында мамандықты барынша насихау көзделген. Сонымен қатар, берілетін грант санын да ұлғайту жоспарланып отыр.