Биржадағы былық тыйылады
Қазақстанның шикізаты осы уақытқа дейін арзан бағамен қыр асып келген.
Бұған тосқауыл қою үшін уәкілетті органдар арнайы құжат әзірледі. Алып- сатарлар заңды айналып өтудің қандай жолын тапқан? Оны тоқтату үшін енгізілген механизмдер қаншалықты тиімді?
Кәсіпкер өнімін тауар биржалары арқылы арзанға сатуының басты себебі – салықтан жалтару. Шетелдік компаниямен ауыз жаласқан ол қағаз жүзінде төмен баға көрсеткенімен, делдалдары арқылы қомақты пайда тауып отырған. Яғни, бұл – табысын жасырудың бір жолы. Себебі уәкілетті орган өзге елде тіркелген заңды тұлғалардың құжатын тексере алмайды. Жаңа құжат бұл кедергіні жойды.
Наурызбек Абдуохапов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мамандандырылған департаментінің бас сарапшысы:
- Бір делдалға біздің салық төлеуші бүкіл өнімін сататын болса, 50 пайыздан асатын болса немесе сол делдалдың байланыс тараптарына. Сол кезде ол делдалды немесе сол топты біздің салық төлеушімен өзара байланысты деп санаймыз. Сол үшін ол бізге өзінің деректерін беруі керек.
«Трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылаудың қайтарылуы да тауар биржасындағы келісімдердің әділ жасалуына септігін тигізеді», – дейді мамандар. Сонымен қатар, нарықтық бағаны қалыптастыру тетіктері жетілдіріліп, үш деңгейлі есеп тапсыратын тұлғалар тізімі кеңейтіледі. Яғни салада тәртіп орнауы керек. Бірақ...
Нұржан Садырбай – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баспасөз хатшысы:
- Модерн Трэйдиң Солюшн тауар биржасы өзінің ресми ақпарат ресурсында «Егер де кім де кім бізбен жұмыс істегісі келсе, тауар, жаңағы әлеуметтік көмірді сатқысы келсе, алғашқы жарнаны төлеу керек дейді. Ол жаңағы өзінің жарғылық капиталының 4 пайызын құрайды. Сол кезде ол 95 млн теңге болатын. Яғни, трэйдер, брокерлер алдағы уақытта көмір сатқысы келсе 95 млн теңгемен алғашқы жарна төлеуі керек деген ақпарат таратты. Бірақ бұған біз келіспедік. Сөйттік те нұсқама жібердік.
Нарықтағы беделін пайдаланып, заңды белден басатын биржаларды қадағалау керегі біраздан бері айтылып келеді. Себебі, мұндағы әр өзгеріс елдегі тауар бағасына тікелей әсере етеді. Сондықтан бұл маңызды саланы реттейтін жаңа заң дайындалып жатыр.
Аңсар Оразалиев, ҚР СИМ биржалық сауда басқармасының басшысы:
- Қазір биржада негізгі стандартталған тауарлар саудасынан бөлек, аралас сауда да жүріп жатыр. Яғни, нарықтың барлық қатысушысы кез-келген өнімді сатып ала алады. Осыған байланысты жалпы сауда айналымы өскен. Бірақ, сатылып жатқан биржалық тауарлар, яғни шикізаттардың көлемі азайған. Сондықтан заң жобасында биржада стандартталмаған тауарларды саудалауға тыйым салмақпыз. Осылайша дәстүрлі сауданы дамытуды көздеп отырмыз.
Бұл бастама баға индикаторларын қалыптастыру үшін керек. Соған қарап мемлекеттік органдар жоспар құрады. Яғни, ұлттық экономика нарық заңына сай дамиды деген сөз.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов