Отандық кинофильм өндірісі көбейіп келеді

Былтыр 400-ге жуық фильм түсіріліпті.

Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 56 туындыға көп. Ұлттық статистика бюросы осындай дерек келтірді.

Иә, 2022 жылы олардың саны 67 болса, былтыр 100-ге жуықтаған. Сондай-ақ, отандық толықметражды деректі фильмдердің де саны артты.

2022 жылы елімізде 49 толықметражды фильм түсірілген. Ал былтыр бұл көрсеткіш екі есе өсті. 100-ге жуық толықметражды туындының жартысынан көбі - деректі фильм. Оған дейінгі бұл көрсеткіш 10-нан әрең асқан еді. Толық және қысқаметражды көркем фильмдердің де санында айтарлықтай өсу байқалады. Оның себебін сарапшыдан сұрадық.

Қазақстандағы кино өндірісі

2022 жыл

Толықметражды - 49    

Деректі фильм - 13  

Көркем фильм - 30

Қысқаметражды - 282  

Деректі фильм - 235

Көркем фильм - 29

2023 жыл

Толықметражды - 97      

Деректі фильм - 50

Көркем фильм -  35

Қысқаметражды - 290    

Деректі фильм - 148

Көркем фильм - 57

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Цитата

Камила Габдрашитова, кинотанушы, өнертану магистрі:

- Қазақстандық киноөнімдер санының көбеюіне бірнеше фактор себеп. Алғашқысы – еліміздің  кинематография саласының қарқынды дамуы. Санымен қатар, сапасы да артып келеді. Ұлттық киноны қолдау орталығының мамандары жыл сайын ең жақсы жобаларды таңдап жатыр. Отандық фильмдердің көпшілігі ел ішінде ғана емес, шетелде де үздік атанып жүр. Бұған қоса, жас кинематографистердің талпынысы күшті. Бұл – ұлттық киномектептің сапалы еңбегінің нәтижесі.

Сондай-ақ, қысқаметражды анимациялық фильмдер де көбейді. 2022 жылы 11 мультфильм түсірілсе, былтыр 81-і балаларға базарлық болған.

Енді фильмдердің өндірісіне тоқталсақ. Былтыр түсірілген 387 туындының тек бесеуі ғана шетелмен бірлескен жоба. Қалғаны - отандық өнім. Олардың дені Астана мен Алматы қалаларындағы кинокомпаниялар үлесінде. Оған қоса, Шымкент қаласы, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы облыстарындағы фильм түсіруші ұйымдар да кино нарығына айтарлықтай үлес қосқан. 

Қазақстанда өндірілген фильмдер саны

Отандық өндіріс - 382

Шетелмен бірлескен өндіріс - 5

Астана қ. - 170

Алматы қ. - 159

Шымкент қ. - 28

Маңғыстау обл - 5

Жамбыл обл. - 3

Алматы обл. - 17

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Сондай-ақ, мемлекеттік тілде түсірілген отандық толықметражды туындылар саны да артып келеді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 55% шамасында болса, 2023 жылы 65% болған. Яғни, 95 фильмнің 62-сі қазақ тілінде сөйлейді.

Отандық толықметражды фильмдер тілі

2022 жыл

Жалпы саны - 47

Қазақша - 26

Орысша - 6

Көп тілде - 15

2023 жыл

Жалпы саны - 95

Қазақша - 62

Орысша - 12

Көп тілде - 21

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

2023 жылғы есеп бойынша елімізде 113 кинотеатр бар. Бұл 2022 жылғыдан 8 нысанға көп. Олардың басым көпшілігі - Алматы, Астана, Шымкент қалаларында.

Отандық кинотеатрларда былтыр 1 млн-ға жуық сеанс өткен. Табыс мөлшері 37 млрд теңгеден асады. Оның 15 млрдқа жуығы таза отандық фильмдерден түскен қаражат. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы межеден 6 млрд теңгеге артық. Отандық фильмдерге сұраныстың артқанын көрерменнің таңдауынан да аңғарса болады. 2023 жылғы рейтингте америкалық фильмдер көш бастап тұр. Голливуд өнімдерін 7 млн 200 мың адам көрген. Екінші орында отандық кинотуындылар. Оларды таңдағандар саны 6 млн 700 мыңнан асады. Айырмашылығы 500 мың көрермен. 2022 жылы бұл айырмашылық 2 млн 200 мың болған.

Кинотеатрлар қанша табыс тапты?

2022 жыл

Жалпы табыс - 26,8 млрд теңге

Отандық фильмнен - 9,3 млрд теңге

2023 жыл

Жалпы табыс - 37,3 млрд теңге

Отандық фильмнен - 14,7 млрд теңге

Көрермендер қай елдің киносын көрді?

2022 жыл

АҚШ - 7 млн адам

Қазақстан - 4,7 млн адам

Ресей - 486 мың адам

2023 жыл

АҚШ - 7,2 млн адам

Қазақстан - 6,7 млн адам

Ресей - 904 мың адам

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы