Ұлттық банк базалық мөлшерлеме деңгейін сақтап қалды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтап қалды.

Ішкі және сыртқы нарықты, инфляция мен экономикалық процестерді ескере келе, осындай шешім қабылданып отыр. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақпарат құралдарына арналған, брифингте осылай деп мәлімдеді.

Желтоқсан айында елде инфляция 8,6%-ға жетті. Бұл - болжамға сай келеді. Мәселен, азық-түлік инфляциясы жыл бойы тұрақты болғанымен, соңғы екі айда үдей түсті. Қызмет көрсету, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының құбылуы да экономиканың жай-күйіне әсер етті. Ұлттық банк төрағасы ішкі сұраныстың ұсыныс мүмкіндігінен асуы инфляциялық қысымның артуына ықпал еткенін жеткізді. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары өз бағалауларында ұстамдылықты сақтайды. Соңғы сауалнамаға сәйкес нарық қатысушылары инфляцияны 2025 жылдың соңына қарай 7,5% деңгейінде болжайды. Бұл алдыңғы бағалаудан 6,9% жоғары. Сарапшылар мен халықтың пессимистік бағалауы және инфляцияның тұрақсыз баяу қарқыны ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын одан әрі ұстап тұру қажет екенін көрсетеді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елде экономикалық белсенділік артқан. Оның өзі тауар тапшылығын тудырып, бағаларды шарықтатып жіберуі мүмкін. Ұлттық банктің ендігі бағыты – экономикадағы артық ақша көлемін азайту.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары

Инфляцияны 5%-ке дейін жеткізуге тәуекелдер бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, қазір ставканы төмендетуге болмайды. Егер жағдай жақсармаса, біз ставканы тағы да көтеруіміз мүмкін. Жоғары ставка баға өсуін тежеуге көмектеседі. Бұл халыққа да, бизнеске де тиімді.

Әлемдік азық-түлік бағасының жоғары деңгейі мен Ресейдегі инфляция сияқты сыртқы факторлардың экономикамызға қысымы жалғасуда. Ұлттық банк жағдайды жіті бақылап, қажет болған жағдайда инфляцияны тежеу үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуға дайын. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2025 жылғы 7 наурызда қабылданады.

Рухани Абдрахман