Қала халқының саны 266 мыңға өсті
Қала халықның саны жыл санап өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда былтыр урбандалу деңгейі 63%-ке жеткен. Ендігі бір мәселе тұрмысқа тіреледі, яғни елдегі әр екінші адамның өз үйі жоқ. Урбандалу үдерісі баспана нарығына әсер ететіні сөзсіз. Енді нарықтағы жағдай қандай?
Қала халқының үлесі 63%-ке жетті
Былтыр ауыл халқының көші-қон сальдосы -111 400 адам болды. Яғни көшіп келгендер мен көшіп кеткендер арасындағы айырмашылық 100 мыңнан асты. Бұл 2000 жылдан бері тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Осылайша ауыл халқы 14 600 адамға азайды. Ал қала халқы керісінше 266 800 адамға көбейді. Нәтижесінде қала тұрғындарының үлесі 63%-ке жетті. Осы ретте баспана өткір мәселеге айналатыны сөзсіз. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елдегі әр екінші адамның басыбайлы баспанасы жоқ.
«Табиғи өсім көші-қонның теріс сальдосын өтей алмады. Туу мен қайтыс болу арасындағы айырмашылық 96,8 мың адамды құрады. Нәтижесінде республикадағы қала халқының үлесі 0,8%-тік тармаққа, яғни 63%-ке дейін өсті. Қалаларда 12,7 миллион адам, ауылдық елді мекендерде 7,5 миллион адам өмір сүреді. 2024 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша елдегі 9,5 миллион адамның жеке баспанасы бар» — Ұлттық статистика бюросы.
Былтыр пәтерақы 15%-ке қымбаттады
Ауылға көшіп келгендер саны Алматы мен Атырау облыстарынан басқа өңірлердің бәрінде азайып отыр. Ауыл халқы ең көп Түркістан облысында көші-қон сальдосы -29 200 адам деңгейінде тұрақтады. Қала халқының өсуі нарыққа да әсер ететіні сөзсіз. Былтыр пәтерақы сомасы орта есеппен 15% өсті. Ең жоғары өсім Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Атырауда тіркелді. Мәселен, Астанада 1 бөлмелі пәтерді жалдау ақысы 30 мың теңгеге өсті. Алматыда 20 мың теңгеге көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, жазға қарай баға тағы қымбаттауы мүмкін.
«Урбанизация тұрғын үй нарығына міндетті түрде әсер етеді. Бұл жерде бірнеше фактор бар. Яғни қала халқының көбеюіне қарай жылжымайтын мүлік бағасы да, оны жалдау ақысы да қымбаттайтыны белгілі. Коммуналдық қызметтер бағасын да ескеру керек. Яғни коммуналдық шығындар ұлғайса, пәтерақы да көтеріледі. Бұдан бөлек маусымдық жұмыстарға қалаға келетін азаматтар да баспана нарығындағы сұраныстың артуына ықпал етеді» — Рамазан Досов, сарапшы.
Жеңілдетілген несиелерді көбейту қажет
Қазір әртүрлі санатқа арналған жеңілдетілген бағдарламалар бар. Үстемеақысы 2%-тен басталатын ипотекаларды айтуға болады. Сондай-ақ «Отау» және «Наурызға» ел тарапынан қызығушылық жоғары. Былтыр екі бағдарлама шеңберінде 10 мыңнан астам несие берілді. Қарыздың жалпы сомасы 250 млрд теңгеден асты. Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды. Мұның аясында 72 млрд теңге бөлінбек. Дегенмен сарапшылар ипотекалық жобалар санын тағы ұлғайту қажет деп санайды.
Лариса Степаненко, сарапшы:
- Әрине, мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар баспанамен қамтуда үлкен нәтиже беріп отыр. Әртүрлі әлеуметтік санаттарға арналған бағдарламалар бар. Дегенмен ауылдан көшіп келген кез келген адамның бұл санаттарға сай келе бермеуі мүмкін. Кейде бастапқы жарнаға құятын ақшасы да болмайды. Сондықтан басқа да жеңілдетілген бағдарламаларды енгізу қажет деп ойлаймын.
Былтыр 18,9 млн шаршы метр үй салынды
Былтыр елдегі тұрғын үй құрылысы рекордтық межеге жетті. 19 млн шаршы метрге жуық баспана салынды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бұл алдыңғы жылдан 6,4%-ке артық. Алдағы уақытта құрылыс қарқынын күшейту көзделіп отыр. Яғни Президент тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай құрылыс көлемін 111 млн шаршы метрге жеткізу керек.