Ташкентте қазақ кәсіпкерлері бас қосты

Өзбекстанда жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлер көрші елде өз көлігімен 90 күннен артық жүруге рұқсат алу мәселесін көтерді, деп хабарлайды 24kz.

Ташкентте Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен қазақ бизнесмендері бас қосты. Мақсат – бауырлас елде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мәселелерін, ұсыныс тілектерін тыңдап, қос мемлекеттің үкіметаралық комиссиясына жеткізу.

Қазақстан азаматтары Өзбекстанға көліктерін тізгіндеп келетін болса, 90 күннен артық жүре алмайды. Сондай-ақ заң бойынша жаңағы автомобиль 3 айдан соң, шекарадан шыққаннан кейін, бір жыл бойы Өзбекстанға кірмеуі керек. Демек қазақстандық кәсіпкердің 90 күн сайын ауыстыратын 4-5 көлігі болуы шарт.

Нұржалғас Омаш, кәсіпкер:

- Менің бір танысым бар. Ол осы жақта жұмыс істейді. Бір жылда 4 көлік ауыстырады. Себебі заң сондай. Үкіметаралық деңгейде бұл мәселе назарда екен. Жаңа елшілік өкілдері Өзбекстанда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына өз көлігімен жүруге рұқсат беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Тіпті туған туыстарына да рұқсат етілсе деген пікір айтылды. Егер оңынан шешілсе, жақсы.

Статистика бойынша Өзбекстанда жылына 65 мың адам инсультқа шалдығады. Көп ретте адамдардың 30%-і мүгедек болып қалса, тағы соншасының ақыры қайғылы жағдаймен аяқталатын көрінеді. Қазақстандық компания жасанды интелектің көмегімен инсультқа шалдыққандарға шұғыл көмек көрсететін аппарат ойлап тапқан. Қазір Өзбекстанның мемлекеттік және жекеменшік клиникаларында қызмет көрсетеді.

Азамат Жапаров, кәсіпкер:

- Жобаны орындау барысында біз кедергілерге тап болдық. Атап айтқанда, инсультті емдейтін медициналық протокол жоқ. Біз адамның миына қан құйылған кезде оны жылдам анықтап бергенімізбен, науқасты ары қарай емдеуге мүмкіндігіміз болмай тұр. Осы жерге келіп, мәселемізді көтердік.

Бүгінде Қазақстанның мыңнан аса компаниясы Өзбекстанда табысты жұмыс істейді. Елшілік кәсіпкерлермен жиі кездесуді қолға алмақ. Себебі осындай өзара диалогтың арқасында мәселені үкіметаралық деңгейде көтеріп, шешім табуға болады. Бұл тәжірибеде бар үрдіс.

Авторы: Дулат Нуркин