Транскаспий арқылы жүк тасымалы жылына 10 млн тоннаға дейін артпақ

Алдағы 2 жыл ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізу. Қазақстан өз алдына осындау ауқымды жоспар құрып отыр. Бүгінде еліміз Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытуға басымдық берген. Жаңа теміржолдар салынып, теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту жұмысы қарқын алған. Тағы ел аумағында халықаралық әуе хабын құру міндеті де қойылды. Осылайша Қазақстан көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріп отыр.

Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстырған Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Еуразияның қақ ортасындағы еліміздің бүгін транзиттік әлеуеті зор. Былтырдың өзінде Қазақстан арқылы тасымалданған жүктің көлемі 15,3 млн тоннаға жетті. Оның басым бөлігін Еуропаға бағыт алған контейнерлік транзит құрады. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 32 млн тоннадан асып, тарихи көрсеткішке жетті. Оның 13,7 млн тоннасы қазақстандық экспорт.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Қазақстан Республикасының аумағынан 8 жол және 5 теміржол халықаралық транзиттік дәліздер өтеді. Еліміз супермодальды мемлекеттердің қатарына жатады. Оны түсіндіріп кететін болсақ, жалпы жүк тасымалдауда, халықты тасымалдауда біздер әуе жолдарымен де, жолдармен, теміржолмен және су көлігімен қолдана аламыз.

Қазақстан бүгінде өзінің географиялық орналасуын сәтті пайдаланып жатыр. Транзиттік бағыттарды дамытуға ерекше басымдық берген. Мәселен, қазір елде 1100 шақырымнан асатын 3 теміржол құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ жуырда Президент Мойынты – Қызылжар бағытында да жаңа теміржол құрылысын бастауды тапсырды.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Қызылжар – Мойынты теміржолы сәуір айынан бастап салынғалы жатыр. Оның жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды және ең басты артықшылығы, ол Транскаспий халықаралық дәлізін 149 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Яғни сол дәлізді қолдану уақыты азаяды. Жүк өткізу мүмкіншілігі артады.

Қазір еліміз 2027 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін Каспий маңындағы порттардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңа терминалдардың құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, еліміз негізгі басымдықты әуе тасымалына да беретін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді.

Ел аумағында халықаралық әуе хабын құру үшін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау және Ақтөбе қалаларының әуежайларын таңдап алынды. Енді 5 кезеңнен тұратын жұмыс жүргізіледі. Яғни ұшу-қону жолақтарын жаңадан салу немесе жаңғырту. Тағы жүк сақтайтын қоймалар салынады. Барлық жұмысты атқаруға мемлекет қазынасынан 1 тиында жұмсалмайды. Ол үшін Көлік министрлігі шетелдік және отандық инвесторларды тартуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Риат Шони, Берік Шарав, Қанат Махмұтов.