Қазақстандықтардың депозиттегі жинағы рекордтық көрсеткішке жетті

Қазақстандықтардың депозиттегі жинағы 24 трлн теңгеге жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Иә, отандастарымыз барынша ірі әрі сенімді банктерді таңдайтын болған. Бұдан бөлек, кейінгі кезде тапқан-таянғанын қолма-қол жұмсайтындар да көбейіпті.

Транзакцияның бұл түрінің күрт өсуіне не себеп?

 

Р.Досов: Қолма-қол емес ақша аударымын көбейту керек

Былтыр қолма-қол емес ақша көлемі 165 трлн теңгеге жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Әрі ЖІӨ-нің 123%-ін құраған. Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы жариялаған есепке сүйенсек, өсімге сауда-саттықтың артуы, экономиканың қарқынды цифрландырылуы және POS-терминалдардың көбеюі ықпал еткен. Қауымдастық сарапшыларының есебінше, әр мың адамға 68 құрылғы қолжетімді. Сонымен қата, инфляция да әсерін тигізді. Рамазан Досов бұған дейін алып жүрген тауарымыз қазір мүлде басқа бағамен сатылып жатқанын атап өтті. Сарапшы төлем нарығындағы ахуалды әлі де жетілдіру керек дейді. Себебі транзакцияның өзі жыл сайын азайып келеді.

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы:

- Қолма-қол емес ақша айналымы жыл қорытындысы бойынша 0,5%-ке ғана өсті. Бұрын 86,2% болса, қазір 86,7% болды. Көлемі 165 трлн болды. Бұл айтарлықтай көрсеткіш, дегенмен, аударымның өзі аса өсе қойған жоқ. Қазір қазақстандықтар қолма-қол ақшаны да көбірек қолдана бастаған. Бұл көлеңкелі экономиканың дамуына ықпал етуі мүмкін.

 

Қолма-қол ақша айналымы 20% артты

Бір жылда елдегі қолма-қол ақша айналымы 20%, яғни 4,4 трлн теңгеге дейін өскен. Демек, әр қазақстандыққа шаққанда 218 мың теңгеден айналған екен. Азаматтар 25 трлн теңгені банкомат арқылы шешіп алған. Бұл алдыңғы кезеңнен 11%-ке көп. Сарапшы Рамазан Досов: «Қолма-қол ақшадан толықтай бас тартуға болмайды», - дейді. Дегенмен, мемлекет үшін салықтың төленгені маңызды. Сол себепті елде қолма-қол емес төлемнің көбірек болғаны жақсы деген пікірде. Өйткені мұндай көрсеткіш өспесе, көлеңкелі экономиканың төмендемей жатқанын аңғартады. Бұл қоғам үшін қауіпті. Ал, бизнестің табыс тауып, салық төлеуі бюджет үшін маңызды. Сарапшы: «Тапқан табысын жасырмайтын кәсіп иелері үшін салықтық жеңілдік ұсыну қажет», - дейді.

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы:

- Мемлекет, басқа да тараптар сатып алушыға да, сатушыға да тиімді болатындай жағдай жасау керек. Түрлі жаңалықпен қорқытудың қажеті жоқ. Соның салдарынан қазір қолма-қол ақша айналымының үлесі артып кетті. Бұл көрсеткіш өсе беруі мүмкін. Қазір әрбір қазақстандыққа 218 мың теңге қолма-қол ақша. Бұл жүйеден тыс ақша. Егер ол банк жүйесінде болса, сіз ол үшін пайыз аласыз, сосын банк сол ақшадан несие беруі мүмкін, біреуді қаржыландыруы мүмкін. Бір-бірімізге сенім артқан сайын мемлекетке де, бизнеске де, халыққа да жақсы болады.

 

Резидент емес тұлғалардың ақша айналымына бақылау күшейеді

Қолма-қол емес ақша айналымына қайта оралсақ, қаржыгерлер қауымдастығы елде халықаралық төлем жүйесіне негізделген карталардың көбейгенін айтады. Қазір олардың саны 54,6 млн. Ал жергілікті төлем карталары екі млн-ға артып, 26,7 млн-ға жеткен. Осы ретте Ұлттық банк шетелдік азаматтардың күніне 50 мың доллардан астатын транзакцияларына бақылауды күшейтеді. Себебі алыпсатарлық операцияларын тойтаруға ниетті. Екінші деңгейлі банктерге қойылған талапқа сай егер шетелдіктер ақшаның қайдан пайда болғанын дәлелдей алмаса, транзакцияны қабылдамауға құқылы. Өйткені резидент емес тұлға шығу тегі расталмаған теңгеге доллар сатып алса, мұндай операция күдікті деп танылуы мүмкін. Ұлттық банк бұл өзгерістердің шетел валютасына алыпсатарлық сұранысты болдырмауға негізделгенін атап өтті. Қазір аталған ұсыныс қаралып жатыр.

 

Жеке тұлғалардың жинағы артты

Бір жылда екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың жинағы 25 трлн теңгеге жуықтады. Бұл барлық салымның 58%іне тең. Мамандар көпшілік таңдауы 21 банктің 17-сіне түсіп отырғанын айтады. Әсіресе, алдыңғы ондықты салымшылардың 95%-і таңдаған. Бұл – 23,5 трлн теңге. Қалған 11 банк еншісінде 1 трлн теңге жатыр. Кейінгі бес жылда азаматтардың салым көлемі жылына 20%-ке артып келеді. Жалпы қазір Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлеме 15,25%. Ол өзгере ме, әлде сақтала ма? Бұл сұрақтың жауабын наурыз айында білеміз.