Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізбек

Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздейді, деп хабарлайды 24KZ. Екі елдің үкіметаралық комиссиясы агроөнімдер тасымалына берілетін квота мен шектеулерге қатысты жұмыс істеп жатыр. 

Сондай-ақ жуырда Парламент Мәжілісінің ратификациясынан өткен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясын құру мәселесі де басты назарда.

Өзбекстанда бюджеттің бүйірін толтырып тұрған көгілдір отын мен мақтаға сеніп отыратын заман артта қалды. Тағы бір табыс көзі шетелде жұмыс істейтін азаматтардың аударымдары еді. Ол да геосаяси жағдайларға байланысты соңғы үш жылда азайып кетті. Қазір үкімет шикізатты өңдеу мен қайта өңдеу секторына басымдық берген. Шағын зауыт-фабрикалар адам тұрмысына қажеттінің барлығын шығарады.   

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Екі елдің байланысында экономикалық негіздің болуы өте маңызды. Өзге салалар, қауіпсіздік, саяси, мәдени, гуманитарлық қарым-қатынастардың барлығы, сайып келгенде, экономикамен тоғысады. Экспорттық, импорттық тұрғыда экономиканы әртараптандыру бойынша Қазақстанмен Өзбекстанның бір-бірінен сатып алатын немесе импорттайтын тауар түрлерінің көбейіп отырғанын байқаймыз.

Былтыр Қазақстаннан экспортталған ірі-қара етінің 96%-ін Өзбекстан сатып алған. Бауырлас елге 20 мың тоннаға жуық ет сатылып, 70 млн доллардан астам табыс түскен. Көрші елдегі ет бағасының жоғары екенін ескерсек, біздің шарауаларға төрт түліктің санын көбейткен тиімді болып тұр.    

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

- Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларының айтарлықтай әлеуеті бар. Біз бизнес, инвестиция және инновациялық даму үшін қолайлы жағдай жасауды мақсат етіп отырмыз. Біздің әріптестігіміз бүкіл өңірдің сауда-экономикалық әл-ауқатының өсуіне ықпал ететініне сенімдімін.

Жуырда Маңғыстау облысында ірі нысан ашылмақ. Сауда-саттық, тарату орталығы экспорт-импортты көбейтіп, екі елдің экономикалық әлеуетіне серпін береді.

Дилшод Расулов,  Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары:

- Маңғыстау облысы Ақтау қаласында Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы тарату орталығын ұйымдастырмақ. Ол арқылы кәсіпкерлер өнімдерін қазақстандықтарға сата алады. Онда өзбекстандық өнімдер жиналып, саудаланады.

Өзбекстан 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 200 млрд долларға жеткізуді, ал  Қазақстан 450 млрд доллардан асыруды мақсат етіп отыр. Қос елдің шикізаттық сектордан өңдеуші, өнеркәсіптік және жоғарғы технологияға басымдық беруі олардың аймақтағы экономикалық қуатты мемлекет болуға деген ұмтылысын көрсетеді.   

Авторы: Дулат Нуркин.