Қазақстан сирек жер элементтерінің қорынан әлемде жетекші орынға шығуы мүмкін
Қарағанды облысы сирек кездесетін металдарды өндіру орталығына айналуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Кеше ғана «Центргеолсемка» ЖШС Құйрықтыкөл учаскесінде барлау жұмыстары кезінде шамамен миллион тонналық қорды анықтады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жұмыстар геологиялық барлаудың 2022-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген. Анықталған кен орындарында пайдалы қазба бары расталса, Қазақстан сирек жер элементтерінің қоры бойынша әлемде жетекші орынға шығуы мүмкін.
Аталған Құйрықтыкөл учаскесі Қарқаралы ауданында орналасқан. Болжамды алаңды барлаушылар «Жаңа Қазақстан» деп атапты. Мұндағы 300 метр тереңдікке дейінгі сирек кездесетін металдардың жалпы болжамды ресурстары 20 млн тоннадан асады. Оның ішінде сирек кездесетін элементтердің сомасы шамамен тоннасына 700 граммнан келеді. Мамандар мұндай көрсеткіш елімізде сирек екенін айтады.
Нұрлан Мауқұлов, «Орталыққазжерқойнауы» ӨД РММ жетекшісі:
- Жобадағы сирек кездесетін элементтердің талдамалық зерттеу көлемі шектеулі болды. Сондықтан осы нысанның маңыздылығын түсінген «Центргеолсъемка» компаниясы іздестіру жұмыстарының едәуір бөлігін өз қаражаты есебінен жүргізді. Осылайша болжамды ресурстарды неғұрлым дұрыс бағалауға және қорларды алдын ала есептеуге мүмкіндік туды. Сандық талдау нәтижелері алынған сынамалардың құрамында неодим, церий, лантан және иттрий басым болатын барлық сирек кездесетін элементтер шоғырланғанын көрсетті.
Қазіргі уақытта біздің еліміз сирек металдар өндіруде жетекші орын алады. Қазақстан – бериллий, тантал мен ренийді толық өндіру циклі бар санаулы елдердің бірі. Тіпті титанмен әлемдік нарықтың 11%-ін және аэроғарыштық өндіріс нарығының 21%-ін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар еліміз АҚШ-тың сирек шикізаттық материалдардың тізіміндегі 50 элементтің 19-ын және Еуропалық одақтың тізіміндегі 34 минералдың 21 жеткізе алады. Бұл Қазақстанның маңызды материалдар секторындағы негізгі ойыншы екенін көрсетіп отыр. Сондықтан бұл саланы одан ары дамыту мақсатында реформа жүргізілді.
Марғұлан Байбатыров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің төраға орынбасары:
- Бірінші келді, бірінші алды деген тұжырымдамамен қазір кез келген инвестор автоматты түрде бос территорияларды барлау жұмыстарына лицензия ала алады. Жер қойнауында тұрған пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік категорияларда олар аукцион арқылы өткізіледі.
Сонымен қатар еліміздегі пайдалы қазбалар туралы барлық ақпарат шоғырланған арнайы платформа жасақталды. Бұрын бұл деректер қағазда сақталып, көпшіліктің қолы жете бермейтін. Енді пайдалы қазбалар болуы мүмкін аумақтарды зерттегісі келген кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ, өтініш бере береді. Бірақ мамандар бұл салада әлі шешілмеген мәселе көп екенін айтады.
Мақсат Кембаев, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ геология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
- Барлау кезінде қандай қиындықтар туындатады дегенге қарағанда оны тауып алғаннан кейін сол пайдалы компоненттерді, сирек металдарды бөліп алу технологиясын көбірек зерттеуіміз керек. Сол жағына аса көп назар аударуымыз керек. Себебі бұл мәселе жоғары дәлдікті, заманауи құрал-жабдықтарды, «приборларды» қажет етеді.
Яғни бұл технологиялар кендегі пайдалы элементтерді толық кәдеге жаратуға көмектеседі.