Әлемдегі әуе жүгінің 15% Қазақстан арқылы өтеді
Әлемде әуемен тасымалданатын жүктің 15 пайызы Қазақстан арқылы өтеді.
Бүгінде әуе тасымалының көлемі 58 млн тоннаға жақындады. Нарық күн санып өсіп келеді. Сондықтан елде жүк авиакомпаниясы құрылмақ. Жалпы, биыл жарты жылда отандық авикомпаниялар 7 млн 200 мың жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық. Ішкі авиарейстер саны аптасына 849-ға жетіп отыр. 61 бағыт ашылған. Кейінгі жылдары 20 ұшып-қону жолы, 19 терминал жөнделді. Түркістанда жаңа әуежай салынды. Ал әуе паркі биыл 16 ұшаққа көбейеді. Сөйтіп 2030 жылға дейін 221 ұшақ жетеді деген жоспар бар.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес бастапқы кезеңде үш әуе кемесін жалға алып, кейін флотты он бірлікке дейін кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық жүк авиатасымалдаушының алғашқы рейсін 2026 жылдың басында жүзеге асыру жоспарланған. Жоба өзін ақтауы үшін отынмен қамтамасыз етудің кепілдендірілген көлемі қарастырылады. Бүгінде тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
Бес жылда транзиттік жүк 50% өсті
Транзиттік әлеуетті барынша пайдалану керек. Биыл «Орталық–Батыс» көлік дәлізінің құрылысы қолға алынды. Ұзындығы 900 шақырым болатын жол Астанадан Ырғызға барады. Құрылыс 2029 жылы аяқталуға тиіс. Жоба аясында 3,5 мыңнан астам адам жұмысқа тартылмақ. Жалпы, Қазақстан батыс пен шығыстың арасындағы көпірге айналды. Кейінгі бес жылда транзит көлемі 50 пайыз өсті. Ал Транскаспий бағытындағы тасымал 6 есе ұлғайды. Мұның ішінде Қытайдан тасымалданатын жүктің үлесі жоғары. Былтыр Еуропаға өткен жүк 62 пайызға артып, 4,5 млн тоннаға жетті. Қазір отандық теміржол желісінің мүмкіндігі толық пайдаланылып отыр.
Олжас Бектенов - ҚР Премьер-Министрі:
- Біз транзиттік картадағы мүмкіндігімізді уыстан шығармауымыз қажет. Биыл Достық-Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолын және Алматыны айналып өтетін теміржолды пайдалануға береміз. Келесі жылы Дарбаза–Мақтаарал бағытын дамытамыз. Мойынты–Қызылжар және Бақты–Аягөз – осының барлығы жақын арада өткізу қабілетімізді 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл орасан зор инвестицияны қажет ететін ауқымды жұмыс. Бірақ біз жүзеге асыруға дайынбыз. Өйткені қолдағы бәсекелестік артықшылықты жіберіп алмауымыз керек
Қытайға экспорт тізімі ұлғаяды
Иә, Қытаймен алыс-беріс жыл санап артып келеді. Мұнда ауыл шаруашылығының да үлесі үлкен. Мәселен, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 10 пайызға өсіп, 1 млрд 400 млн долларға жетті. Ал биылғы жылдың бес айындағы экспорт өсімі 35 пайызды межеледі. Экспорт сомасы 500 млн доллардан асып отыр. Негізінен мал азығы, өсімдік майлары және бидай экспортталады. Үкімет бұл тізімді кеңейтпек.
Цитата
Айдарбек Сапаров - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Негізгі мәселелердің бірі – сиыр мен қой етін экспорттауға қатысты жаңартылған хаттамаларға қол қою. Биылғы жылдың мамыр айында Қытайдың Бас кеден басқармасымен елдегі қызылша жомын өндіретін кәсіпорындарға бірлескен инспекция жүргізу, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын тексеру арқылы Қытайға бидай мен арпа жөнелтетін өңірлер географиясын кеңейту туралы келісімге қол жеткіздік. Ал тамыз айында құс фабрикаларының Қытай талаптарына сәйкестігін тексеруді ұсындық.
11,8 млн тонна астық пен ұн экспортталды
Биылғы қаңтар-мамыр аралығында сыртқы сауда айналымы 53,5 млрд доллардан асты. Экспорт 30 млрд долларға жуықтады. Оның ішінде өңделген тауар 10 млрд доллардан асты. Астық экспортының да көлемі ұлғайды. 12 млн тоннаға жуық астық пен ұн экспортталды. Негізгі сатып алушылар – Өзбекстан, Тәжікстан, Иран мен Әзербайжан.