Қазақстан мен Қытай инновация мен жоғары технология саласында әріптестікті күшейтпек
Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жаңа деңгейге шықты, деп хабарлайды 24kz.
Көрші мемлекет биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде еліміздің экономикасына 27 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Енді Қазақстан жоғары технология саласында жұмыс істейтін қытайлық компаниялармен әріптестікті тереңдетуге мүдделі.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай Қазақстанға ең көп инвестиция салған топ 5 мемлекеттің бірі. Бұл көрсеткіш бірнеше жыл қатарынан сақталып келеді. Енді Қазақстан ел аумағында инновациялық жүйені дамытуға ниетті инвесторларға жеңілдіктер қарастырады. Әсіресе, «Биг дата», «Смарт сити», жасанды интеллектіге басымдық беріледі.
Бұл жөнінде Бейжіңде өткен дөңгелек үстел барысында айтылды. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан мақсат-міндеттері Қытайдың халықаралық деңгейдегі сарапшыларына таныстырылды. Іс-шараға көрші елдің ғалымдары, жоғары оқу орындары мен халықаралық істер академиясы, шетелдермен достық қауымдастығының өкілдері қатысты. Олар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
Дин Сяосин, Қытайдың Халықаралық қатынастар академиясының сарапшысы:
- Жолдауда даму мақсаттары ғана емес, нақты іске асыру жолдары жазылған екен. Бұл ғалымдар тарапынан өте маңызды деп бағаланып отыр. Қазақстанның даму жоспары Қытайдың стратегиясымен сәйкес. Бұл екі елдің цифрлық экономика, ауыл шаруашылығы, логистика, өндіріс, ядролық энергия салаларында ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қос тарап саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, өзара іс-қимыл мәселелері бойынша еркін пікір алмасты. Төтенше және өкілетті елші қазақ-қытай арасындағы инвестиция, энергетика және ауылшаруашылығы, көлік-транзиттік ынтымақтастыққа қатысты айтылған мәселелерге ерекше мән берді. Сонымен қатар жаңадан құрылған Алатау қаласын дамытуға инвестиция салуға шақырды.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Alatau city аймақтың алғашқы цифрлық қаласы болады. Ауқымды жоба қытайлық бизнесмендерге қаланы дамытуға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Ол үшін біздің ел Қытайдың технологиялық компанияларына қажетті жағдай жасауға дайын. Олар өз қызметін Қазақстан аумағында ғана емес, Орталық Азияда дамытуға мүмкіндік алады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Біздің Президенттің Жолдауда айтқандарын сарапшыларға жеткізу арқылы қытайлық тараптың сенімін арттыру көзделген. Өйткені бұл елде ғалымдардың пікірі маңызды рөлге ие. Бұл инвесторлардың нақты шешім қабылдауына түрткі болары сөзсіз. Айта кету керек, бұл жиын жаңадан ашылған Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығында ұйымдастырылған алғашқы іс-шара болды.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы