Қарағанды құю-машина жасау зауыты жылына 13 мың тонна өнім шығарады
Қарағандыда құю-машина жасау зауытының жұмысшылары бір жылда 13 мың тонна дайын өнім шығарады, деп хабарлайды 24kz.
Кен байыту, ауыр жүк техникалары, теміржол тасымалы, шахта, мұнай-газ өндірісі, жылу нысандарына қажетті жабдықтар мен бөлшектер жасайтын кәсіпорында жүздеген адам еңбек етеді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Александр Макаров құю-машина жасау зауытына 2006 жылы келген. Мамандығы – электр-газ дәнекерлеуші. Еңбек өтілі 20 жылға жуықтаған маман қазір бригадир атанған. Кез келген аса күрделі дәнекерлеу жұмыстарының хас шебері.
Александр Макаров, дәнекерлеуші:
- Училищені бітіріп, тәжірибем жоқ болса да, осында келдім. Үлкендер көп нәрсе үйретті. Қазір олар зейнетте. Содан бері 20 жыл өтті. Қазір жастарға үйретіп жүрмін. Зауытта кең ауқымды жаңғырту жүргізілді. Бұрын көп жұмыс қарапайым қондырғылармен істелсе, қазір сандық технологиямен жұмыс істейтін желілер қойылған. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, жұмыс жеңілдеді деуге болады.
Зауытта 12 мың түрлі жабдықтар мен бөлшектер жасалады. Жұмыс өте ауқымды. Ауыр материалдарды тасымалдау, дайын өнімді жинау – Нәзира Қалтенова сияқты кран машинистерінің міндеті. Ол зауытта ер адамдармен иық тіресе 14 жыл бойы қажырлы еңбек етіп жүр.
Нәзира Қалтенова, кран машинисі:
- Мұндай алып зауытта крансыз жұмыс жүрмейді. Аса ауыр жүкті жылдам жеткіземіз. Кран машинисіне сұраныс үнемі жоғары. Сондықтан жастар осындай жұмысшы мамандықтарды, техниканың тілін меңгергені дұрыс.
Қазір кәсіпорында 856 адам еңбек етеді. Жылына 13 мың тонна дайын өнім шығарылады. Соның 92%-і отандық. Зауыт жұмысшылары ел экономикасына, осылайша, еселі үлес қосып жүргенін мақтан тұтады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит