Қазақстандық Higgsfield AI стартапының құны $1 млрд-тан асты
Қазақстандық Higgsfield AI стартапы 1 млрд АҚШ долларына бағаланды, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша тұңғыш болып Unicorn деңгейіне жетті. Жасанды интеллектіге негізделген платформа бүгінде әлемдік сұранысқа ие, алдыңғы қатарлы жоба саналады. Жалпы отандық IT стартаптар-дың әлеуеті жоғары болғандықтан оларды сыртқа экспорттау мүмкіндігі мол. Бұл ретте мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
Бақыт Топтаева, тілші:
- Higgsfield AI жасанды интеллект көмегімен видео мен суреттің анимациясын жасайтын отандық платформа. Стартаптың құрылғанына небәрі екі жыл. «Соған қарамастан, бұл салада 15 жылда ешкім жетпеген жетістікке жетті», - дейді жобаның тең құрылтайшысы Алекс Машрабов. Higgsfield AI инженері Ален Баев: «Жоба дер кезінде жасалғандықтан, сәтті болды», - деп отыр.
Ален Баев, Higgsfield AI инженері:
- Мәселен 2022 жылы бейнесуреттің жоғары сапалы өңделетініне сенгендер аз болды. Сондықтан құйылатын инвестиция да аз болды. Ал 2025 жылы оған кірісу қолды кеш сермегенмен тең. Өйткені оны іске асырып қойғандар жетерлік. 2024 жыл ең маңызды жыл болды. Себебі осы кезде жасанды интеллектінің көмегімен жоғары сапалы бейнеөнім жасауға болатынына көбінің көзі жетті. Сондықтан кәсіпкерлер тәуекелге бел буып, Қазақстанда жасалған жасанды интелектіге көбірек қаржы құйса деймін. Өйткені бізде техникалық маман саны жетерлік. Тек солардың басын қоссақ жақсы болар еді.
Бүгінде Higgsfield AI өнімінің екі млн-нан астам қолданушысы бар. Компанияның негізін қалаушы Ерзат Дулаттың айтуынша, IT өнім бүгінде АҚШ, Қытай, Жапонияда жоғары сұранысқа ие.
Ерзат Дулат, Higgsfield AI негізін қалаушы:
- Орта есеппен алар болсақ, біздегі мамандардың жасы шамамен 25-те. Яғни, бұл IT саласын меңгерген алғашқы буын. Әлемдік деңгейдегі мықты мамандарымыз бар. Оларды тек Америкада табуға болатындай көрінгенмен, қасымызда жүр. Бәрі де Қазақстанда DeepTech-өнім жасауға болатынын дәлелдегісі келеді.
Айта кету керек, Қазақстанда IT стартаптарға біршама қолдау бар. Astana Hub-та тіркелген 1500-ден астам компанияның үштен бір бөлігі халықаралық болса, қалғаны отандық стартаптар. Оның ішінде 150-і жасанды интеллектінің негізінде жасалған. Технопарк мәліметінше, оларға әсіресе, шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық өте жоғары. «Сондықтан Мемлекет басшысының осы салаға баса мән беріп, жасанды интеллект министрлігін құруды ұсынғаны қуантады», - дейді осы саланың сарапшысы Мейіржан Әуелханұлы.
Мейіржан Әуелханұлы, Жасанды интеллект жөніндегі сарапшы:
- ЖИ қазір бүкіл әлемде өте жоғары деңгейде дамып, экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр. Енді дәл осындай сәтте министрліктің құрылуы бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. ЖИ ол бір қатып қалған, ескіден қалған дүние емес. Ол жаңа дүние. Яғни, жасанды интеллект саласындағы стартаптар өте көп. Сондай-ақ осы стартаптарға біздің министрлік өте жақсы жағдай жасау керек деген ойдамын.
Жаңадан құрылған жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ең алдымен осы саланы реттеуге қажет заң нормаларын енгізбек. Сонымен қатар IT өнімдерін дамытып, экспортын арттыруға ат салысады.
Айта кетейік, бүгінде Астана хабта стартап ашу, IT компанияларға қолдау көрсету сияқты түрлі бағдарлама ұсынылған. Сондай-ақ хабта тіркелген резидент компанияларға салықтық жеңілдіктер де қарастырылып отыр.
Авторы: Бақыт Топтаева