Қазақстанға туристердің келуіне қолайлы жағдай жасалып жатыр
Қазақстанның шет мемлекеттермен әуе қатынасы едәуір жақсарды.
Жаңадан халықаралық рейстер ашылды. Бұрын тоқтап қалған бағыттар қайта іске қосылды. Мәселен, былтыр 20-дан астам рейс қайта жанданса, биыл 30-дан аса жаңа бағыт ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар визасыз баратын мемлекеттер саны да жыл санап артып келеді.
Қазақстанның тұмса табиғаты кім кімді де еліктірмей қоймайды. Әсіресе жат жерліктердің назары ауып тұр. Алты айда біздің елге 7,5 млн шетел азаматы ат басын бұрған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың адамға көп. Мамандар бұған бірнеше жайт әсер еткенін айтады. Ең алдымен ол визасыз режим. Қазір 87 елдің азаматы Қазақстанға емін-еркін кіре алады.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
- Бүгінгі күнге дейін бізде 465 млрд теңгеге инвестиция құйылған болатын. Соның нәтижесінде біз 1-тоқсан бойынша жалпы елімізде 4313 қонақ үй жұмыс жасап тұр. Біздің министрлік құзыретті органдар мен жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жасап жатыр. Қазіргі кезде туристік, мәдени, имидждік тақырып бойынша 124 іс-шара жоспарланған.
Ресми статистикаға сүйенсек, 6 айда елдегі қонақүйлер мен хостелдер 61 миллиард теңгенің қызметін көрсетіпті. Көш басында алып шаһар Алматы тұр. Мұнда кәсіпкерлер 21,6 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Үздік үштіктің қатарында Астана қаласы мен Ақмола облыстары да бар.
Қызмет көрсету саласындағы жетекші өңірлер:
Алматы қаласы — 21,6 млрд теңге
Астана қаласы — 13,7 млрд теңге
Ақмола облысы — 5,7 млрд теңге
Алматы облысы — 2,4 млрд теңге
Шымкент қаласы — 2,3 млрд теңге
Маңғыстау облысы — 2,3 млрд теңге
Айнұр Нұртаева, сарапшы:
- Бізде тағы бір туристік бағыт қосылды: Ол тур пойыз. Ол Қазақстан мен Өзбекстанның арасын қосып тұрған кезіндегі тарихи Жібек жолы деп атадық. Қазақстан мен Өзбекстан арасын қосып тұр. Өте әдемі бағыт. Қазір міне, бесінші рет жібергелі жатырмыз тур пойызды.
Турист тартудың тағы бір тартымды тәсілі – халықаралық ауқымдағы жиындар ұйымдастыру. Кейінгі үш жылда елде дәл осындай 21 іс-шара өтті. Биыл тағы бесеуі жоспарланған. 14 жиынға 5 мыңнан аса делегат қатысып, әрқайсысы шамамен 4 мың доллар жұмсады. Көзін тапса, іскерлік туризмнен түсер пайда көл-көсір, дейді сарапшылар.
Назерке Тоқжан