Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң қажет
«Елде мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Бірақ біз әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз». Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді.
Ал «Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» бұл сыннан нәтиже шығара ала ма?
Дастарханымыздың табиғи өнімге толы болғанына не жетсін. Сұраныс бар. Бірақ ет пен сүтті кейде сырттан тасып жейміз. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндірілетінін айтты. Еттің 60, сүттің 80 пайызын солар қамтып отыр. Тек жұмысты жүйелеу жетіспей тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде қалыптасу керек деді. Осы ретте Үкімет күзге дейін ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң жобасын дайындауға тиіс. Ал шаруалар жаңа үлгідегі кооператив құруға дағдылану қажет.
Ірі жер иелері мал өсіруге міндетті
Иелігіңізде 10 мың гектардан астам жер болса, мал шаруашылығымен де айналысуға міндеттісіз. Талапты қаперге алмағандар жерді қайтарып беруге тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов осындай бастама көтерді. Оның айтуынша, ірі жер иелерінің кейбірі белгілі бір маусымда ғана жұмыс істейді. Ал қалған уақытта ауылдарда жұмыссыздық белең алады. Қазір елдегі мал шаруашылығында өсім аз. Бар болғаны 2–3% ғана. Үкімет басшысы бұл қарқын елдің өзін-өзі қамтамасыз етуге, өңдеу және экспорт мәселелерін шешуге жеткіліксіз дейді. Сол себепті ірі жер иелері егінмен шектелмей, мал шаруашылығын қатар дамытуға міндеттеледі. Бұл бағытта 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді.
Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Біздің мақсатымыз ауыл шаруашылықтардан өнім алу. Ол өнім қауіпсіз болу қажет. Сол себептен есептік нөмір міндетті түрде болуы маңызды. Одан бөлек әрине, мал шаруашылығын дамытып, жүргізуге мүмкіншілік беретіндей ауыл шаруашылықтың жері болу керек. Егіншілік немесе жайылымдық жерлері міндетті түрде болу керек.
Шаруаларға тиімді бағдарлама көп
Осы кешенді жоспарда жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінді. Әсіресе Ұлытау және Қостанай өңірлері басты назарда. Өйткені мұнда игерілмей жатқан жайылымдар көп. Сондай-ақ шаруаларға наурыз айынан бастап, тиімді бағдарламалар ұсынылады. Мәселен, «Игілік» – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналады. Бұл жерде жоғары өнімділікке ие барлық түлік түрін сатып алуға басымдық беріледі. Саланы ілгерілету үшін қаражат артық етпейді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігі төменгі пайызбен несие берілетін жеткізді. Қазір талаптары пысықталып жатыр.
Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Айтып отырған бағдарламалардың бәрі мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Себебі онсыз біз жоғары өнімді белгіленген өзіміздің межелерімізге жету өте қиын болады. Сол себепті біз бірінші кезекте осы генетикалық әлеуетімізді өсіріп алуымыз керек. Сол себепті осындай тиімді несиелік бағдарламаларды енгізіп отырмыз.
АӨК цифрлық шешімдерге көшті
Агроөнеркәсіптік кешенді сандық тұрғыда дамыту да қолға алынды. Елде 600-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі өз қызметіне цифрлық шешімдер енгізген. Жаңа технологиялар әсіресе өсімдік шаруашылығында қарқынды дамып жатыр. Сондай-ақ өнімдерін өңдеу де автоматтандырылды. 40-тан аса кәсіпорын дайын өнімді нарыққа шығарып отыр.