Семейде бұршақ пен майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт ашылды

Семейде бұршақ пен майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт іске қосылды.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қатысты. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыт жылына 72 мың тоннаға дейін шикізатты қайта өңдейді.  Инвестициялық жоба құны 4,1 миллиард теңге. Кәсіпорында 50 жұмыс орыны ашылды.

Зауыт «Agrolider KAZ» кәсіпорнының базасында ашылды. Аталған серіктестік 3 жылдан бері жарма, ұн және өзге де өнім түрлерін шығарады. Жасымықтың бірнеше түрі, зығыр, асбұршақ, жүгері, қарақұмық сынды дақылдарды қайта өңдейді. Жылына 800 тонна өнім дайындаса, бір бөлігін Еуропа мен Қытайға, Түркия және Африка мемлекеттеріне экспорттайды.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Ең бастысы, біз енді тек шикізат өндіруші емес, сапалы дайын өнім шығаратын өңдеуші аймақ ретінде дамуға қадам жасап отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге ықпал етеді. 

Мемлекет басшысы аграрлық саланы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіру міндетін айқындап берді. Ірі серіктестік ашқан зауыт– сол тапсырмалардың өңірлік деңгейде жүзеге асқанының айқын көрінісі- дейді жауаптылар. 

Әсемқан Досқожанов, "Agrolider Kaz" ЖШС құрылтайшысы:

- Мына зауытты біз бір жарым жылда салдық. Біздің облыстың әкімшілігіне ризашылығымды айтайын деп едім. Енді біздің зауыт біздің облысымыздың дамуына үлес қосып, экономикамыз дамып 10 мемлекетке экспорт кетеді. 

Былтыр өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған жол картасымен 16,3 млрд теңгеге 11 ірі жоба іске қосылды. Қайта өңдеу саласында биыл да бірнеше ірі жоба жүзеге аспақ. «QAZAQ-ASTYQ GROUP» серіктестігінің базасында құны 7,3 млрд теңге болатын тазартылған май өндіретін зауыт ашылады. Ал «Eurasia Agro Semey» кәсіпорыны 7,7 млрд теңгеге ет өңдеу зауытын салады. 

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков