Вольфрам өндірісіне АҚШ инвесторы тартылды
Ел аумағынан таяуда табылған мұнай-газ учаскелері аукционға шығарылады. Олар Арал шөгінді бассейнінде орналасқан. Сонымен қатар жер қойнауын зерттеу тәсілі өзгереді.
20-дан астам кен орны аукционға шығарылады
Биыл елде 20-дан астам мұнай-газ учаскесі аукционға шығарылады. Жаңа кен орындары Арал шөгінді бассейнінде жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде анықталған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады. Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаевтың айтуынша, былтыр зерттеулер кезінде көмірсутегіне басымдық берілген. Соның нәтәжесінде осындай әлеуетті кен орындары табылып отыр. Бұған қоса, Сырдария шөгінді бассейні зерттеліп жатыр. Онда 1 млрд тоннадан астам ресурс болуы мүмкін. Тиісті жұмыстар биыл аяқталады, деді министрлік өкілі. Қазіргі таңда елдің минералдық-шикізат базасындағы кен орындары 10 мыңға жуықтайды.
Қанат Ерубаев, ҚР ӨҚМ геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Арал бассейнінде жүргізілген жұмыстар геологиялық құрылымды нақтылауға, жаңа элементтерді айқындауға және көмірсутектердің болжамдық ресурстарын бағалауға мүмкіндік берді. 20-дан астам перспективалы мұнай-газ учаскесі анықталды. Биыл Энергетика министрлігі осы аумақтар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукциондар өткізуді жоспарлап отыр.
Вольфрам өндірісіне АҚШ инвесторы тартылды
Қазақстан сирек және сирек жер металдарының жаһандық нарығындағы рөлін нығайтып жатыр. Қазір елде мұндай 100-ден астам кен орны бар. Солардың негізгі үлесі вольфрамға тиесілі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне қарағанда, вольфрам қоры 2 жарым млн тоннаға жуықтайды. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша әлемде көш бастап тұр. Ең ірі кен орындары қатарындағы Солтүстік Катпар және Жоғарғы Қайрақтыны отандық және америкалық компаниялар бірлесе игеретін болды. Жобаға 1 млрд доллардан астам инвестиция тартылады. Оның 900 млн долларын АҚШ-тың "Экспорт-импорт банкі" бөлуге ниетті. Осы арқылы Қазақстанның вольфрам өндірісі қайта жанданып, елдің сирек және стратегиялық металдар нарығындағы рөлі арта түседі, дейді мамандар.
Жер қойнауын зерттеу тәсілі жетілдірілді
Сирек металдар сұранысқа ие. Оларды жаһанға шикізат күйінде ғана емес, өңделген күйде шығаруға да еліміздің әлеуеті әбден жетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда 3 өңдеу кәсіпорны іске қосылуға тиіс. Бұл үшін АҚШ-тан бөлек, Еуропа мемлекеттері, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытаймен стратегиялық келісім жасалды. Мамандар қайта өңделген сирек металдың құны 10 есе артатынын айтып отыр. Жалпы ішкі өнімдегі бұл сектордың үлесі 7 пайыздан асуы мүмкін. Салада ең алдымен геологиялық барлау жұмыстарына инвесторларды тарту маңызды. Сондықтан кен орындарының болжамды аумағын картаға түсіру тәсілі жетілдірілді. Бұрын әр см 2 шақырымды білдірсе, енді одан 4 есе жақын көрсетіледі.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:
- 200 мыңдық масштабпен картирование жасағаннан қазір 50 мың масштабқа көшіп жатырмыз. Себебі инвесторларға екі жүздіктер көп қызық емес. Өйткені онда тәуекел көп болады. Сондықтан 50 мыңдық масштабқа ақпарат берсек, оларға нақтырақ барлау жұмыстарын салуға оңай болады.
Геологиялық барлауға $500 млн жұмсалады
3 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарына 500 млн доллар бөлінеді. Салаға бұрын-соңды мұндай қаражат жұмсалмаған. Кейінгі 15 жылды қоса алғанда, бас-аяғы 469 млн доллар салынған. Ең аз зерттелген Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария бассейндерінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ зертханалық базаны жаңғырту және деректерді цифрландыру міндеті тұр.