Сақтандыру саласын жетілдіру қажет

Қазақстан Орталық Азиядағы сақтандыру нарығы дамыған елдердің қатарында.

Себебі елдегі урбандалу деңгейі жоғары және мұнай-газ, тау-кен, металлургия сияқты секторлардың әлеуеті күрделі қаржылық тетіктерді енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Былтыр сақтандыру сыйақысының көлемі 12,5%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеге жетті. Ал актив сомасы 3,9 трлн теңгеге жуықтады. Салада жасалған шарт саны 18 млн-нан асты. Мәселен, Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, елде non-life сақтандыру сыйақыларының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,472 пайызға жетіп отыр. Ал Тәжікстанда бұл көрсеткіш – 0,286, іргедегі Қырғызстанда – 0,197 пайыз. Дегенмен Орталық Азия елдерінің экономикасына жыл санап климаттық өзгерістің ықпалы күшейіп барады. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының сарапшылары мәлімдеді. Олардың айтуынша, су тасқыны, құрғақшылық, жер сілкінісі және алапат өрт сияқты апат салдарынан бюджетке түсетін салмақ ұлғайды. Яғни қауіп-қатер көбейгенімен, қаржылық қорғану тетіктері кенжелеп тұр. Мәселен, екі жыл бұрынғы су тасқыны салдарынан 100 мыңнан астам адам зардап шегіп, мыңдаған үй, инфрақұрылым қирады. Бұған мемлекет қомақты қаржы бөлді. «Бюджетке түскен ауыртпалық сақтандыру секторының дамымағанын көрсетті», - дейді мамандар. Бұдан бөлек Ауыл шаруашылығына да құрғақшылықтан қауіп көп. 

Сақтандыру саласы 2025 жылы

Сақтандыру сыйақысы – ₸1,7 трлн

Өсім – 12,5%

Актив – ₸3,9 трлн

Шарт саны – 18 млн

Сақтандыру сыйақысының ЖІӨ үлесі

Қазақстан – 0,472%

Тәжікстан – 0,286%

Қырғызстан – 0,197%

БҰҰ Даму бағдарламасы:

- Қазақстан – әлемдегі ең көлемді ауыл шаруашылығы алқабы бар елдердің бірі. Бүгінде елдегі 200 млн гектардан астам жер салаға тиесілі. Алайда астық өнімділігі құрғақшылық пен температуралық өзгерістерге тікелей тәуелді. Ал астық экспорты ел экономикасының маңызды бөлігі саналады. Сондықтан аграрлық тәуекелдерді сақтандыру стратегиялық маңызға ие. Кейінгі жылдары агросақтандыруда спутниктік деректер мен цифрлық мониторинг жүйелері енгізіле бастады. Дегенмен бұл әлеует әлі толық пайдаланылмай отыр.

Осы орайда сарапшылар сақтандыру механизмдерін мемлекеттік тәуекелдерді басқару жүйесіне терең енгізуді ұсынады. Қазір ел тұрғындары сақтандыруды формальды рәсім деп ойлайды. Сондықтан тиісті заңнаманы жетілдіру, тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту, сақтандыру саласы мамандарын даярлау және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды деп санайды ұйым өкілдері. Яғни сақтандыру жүйесін дамыту елдің климаттық және экономикалық тұрақтылығын арттырып, төтенше жағдайдан кейінгі қалпына келтіру шараларын жеделдетуге тиіс.