Отбасының цифрлық картасы дегеніміз не?

Биыл елде 1 млн 200 мыңнан аса адам өтініш бермей-ақ жәрдемақы алды. Бұған отбасының цифрлық картасына енгізілуі ықпал еткен. Қазір мұнда 20 млн-нан астам адам жайлы мәлімет жинақтаулы. Аталған жүйеде олардың әл-ауқат деңгейін саралауға болады. 

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың 24 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Бір сөзбен айтқанда, бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйе. Қазір мұнда 20 млн-нан аса азамат туралы дерек бар. Мәлімет күнделікті жаңарады. Дегенмен бұл күрделі процесс. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегіне сүйенсек, цифрлық картада ел тұрғындарының дерекқоры сараланады. Кейін сол азаматтарды отбасыларға жинақтау қажет. Ол үшін БҰҰ-ымен бірге жасалған әдістеме қолданылады. Бірінші кезекте ерлі-зайыптыларды, сосын ортақ балалары бар отбасыларды, үшінші туыстық қатынасы бар адамдарды бір жанұяға шоғырландыру, содан кейін бір мекенжайда тіркелген азаматтарды бір үй шаруашылығына жинау процесі жүреді. Дәл қазір отбасының цифрлық картасында 6 млн 200 мың отбасының дерегі жинақталған.

Саяжан Ешанқұлов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының департамент директоры:

- Отбасының цифрлық картасы бұл - бір үй шаруашылығының әлеуметтік жағдайын анықтап, сол отбасыға қандай мемлекеттік қолдау шаралары қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Мысал ретінде айтатын болсақ, отбасындағы жалпы табысы есептеледі. Одан кейін әл-ауқаты, отбасындағы бар активтері, яғни тұрғын үй, көлігі бар, жеке шаруашылығы бар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар болатын болса, осы отбасының әл-ауқатын бағалауға мүмкіндік бар.

Жоғарыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің БҰҰ-мен бірлесе жасаған әдістемесі жайында айттым. Оның аясында отбасыларды экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайы, денсаулық және білім алу бойынша 5 санатқа бөлу ұсылған. Нәтижесінде елдегі 380 мың отбасының әл-ауқаты жақсы екені анықталды. Қанағаттанарлық деңгейдегі отбасылар саны 3 млн-ға жуықтайды. Ал мемлекеттік қолдауға мұқтаж жанұялар жалпы алғанда 3 млн-нан көп. Жасақталған тізім негізінде өмірлік қиын жағдайға тап болғандар анықталып, отбасының цифрлық картасына енгізіледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттен қажетті көмек алуды жеделдетуге септігін тигізеді. 

Отбасылардың әл-ауқат категориясы:

Бақуатты – 378  511

Қанағаттанарлық –  2 899  532

Жағдайы төмен – 1 703  279

Дағдарыс жағдайында – 1 001  918

Өмірлік қиын жағдайға түскен  – 278  844

Саяжан Ешанқұлов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының департамент директоры

- Отбасыларды сегменттеу барысында біз БҰҰ бірлесе жасаған методикаға сүйенеміз. Бұл жерде отбасылар 5 категорияға бөлінеді. А, В, С, Д, Е деген категориялар бар. Егер А санаты бұл бақуатты отбасылар дейтін болсақ, Д, Е санаты бұл жағдайы төмен болмаса, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар деп бағалауға болады. Бүгінгі күні біздің аналитика бойынша 1 млн 200 отбасы осы Д, Е санатында шоғырланған.

Отбасының цифрлық картасы арқылы 12 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады. Бала туу және күтімі бойынша жәрдемақы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаға қарау, жұмыссыздық, асыраушысынан айырылуы, тіпті Күміс алқа, Алтын алқа иелеріне тиісті ақы осы карта арқылы жасақталады. Көмекке дер кезінде өтінім бермегендерге sms хабарлама жіберу жолға қойылған. Хабарлама расталса, мемлекеттік қызмет автоматты түрде көрсетіледі. Жыл басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы проактивті қызмет алу үшін 4 мыңға тарта хабарлама жолданды. Сөйтіп 1 млн 200 мыңнан астам адам жәрдемақыны өтініш бермей-ақ алған.

Жалпы отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер мемлекеттік дерекқорға негізделген. Яғни өмірге сәби келсе немесе азаматтардың біреуі дүниеден озса, сондай-ақ отбасы басқа өңірге көшіп кетсе де жүйе автоматты түрде жаңарып отырады. Еске салайын, отбасының цифрлық картасын енгізуге мемлекет басшысы бастамашы болған. Сөйтіп 2023 жылы іске қосылды.