Елде мұнай мен газ өндірісі неге азайды? 

Биылғы бірінші тоқсанда елде мұнай мен газ өндірісі азайды. Жоспарлы меже еңсерілмеді. 

Энергетика министрі Ерлан Аккенженов: «Мұнай-газ саласы көрсеткіштерінің төмендеуі Каспий құбыр консорциумы мен Теңіздегі жағдайларға байланысты», - деп түсіндірді. 

Алғашқы тоқсанда мұнай өндіру 19,8%-ға, газ өндіру 15,1%-ға төмендеді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай өндірісін арттыру шаралары туралы келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Қарашығанақта шикі газды кері айдаудың 6-шы компрессоры іске қосылады. Бұл мұнай өндірісін 10-11 млн. тонна деңгейінде ұстап тұруға көмектеседі. 

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Министрлік 2035 жылға дейін елдің жаңа перспективалы көмірсутек кен орындарын игеру жоспарын «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп іске асырып отыр. Аталған жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін Қашағанда қуаты 1 млрд. текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтау жоспарланып жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы бойынша қуаты 10 млн тоннаны құрайтын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жеделдету шаралары қабылданып отыр.

Өндірістің төмендеуі экспортқа да әсер етті. 3 айда 15,3 млн тонна мұнай сыртқы нарыққа шығарылды. Бұл былтырғы кезеңнің 78,5%-на тең. Жыл аяғына дейін 76 млн тоннаға жетеді деген жоспар бар. Есепті кезеңде 13,6 млрд. текше метр газ өндірілді. Былтырға қарағанда 15,1%-ға аз. «Биылғы болжам – 62,7 млрд. текше метр болмақ», - дейді сала басшысы. 

«Мұнай өндірісі мен экспортын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқаны хабарланды. Жеткізудің баламалы жолдары ретінде Қытай, Транскаспий, Ресей, Каспий порттары бағыттарын айтуға болады», - дейді сала сарапшысы. Алайда бұл бағыттар Каспий құбыр консорциумының әлеуетін алмастыра алмайды. 

Рзабек Артығалиев, мұнай саласының сарапшысы:

- Министрлік шығын көлемін нақты бағалап, шамамен 480 мың тонна мұнай өндірілмей қалғанын мәлімдеді. Әрине, бұл жағдай Қазақстанның экспорттық инфрақұрылымының әсіресе Каспий құбыр консорциумының тәуелділігі жоғары екенін көрсетті. Бүгінгі таңда билік толыққанды балама жоқ екенін ашық мойындады. Сондықтан қарастырылып жатқан бағыттар КТК-ны толық алмастырушы емес, тәуекелдерді азайту және ағымдарды ішінара қайта бөлу үшін қажет. 

Кеше мұнай бағасы бірден 6%-ға жуық көтерілді. Баррелі 95 доллардан асып тұр. Бұндай жағдайда Қазақстан қаншалықты ұтады? Мәселенің екі қыры бар. 

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Мұнай бағасының өсуі белгілі бір түсімдер әкеледі. Алайда бюджетке тек мұнай бағасы ғана емес, біріншіден, өндіру көлемі де әсер етеді. Екіншіден, теңге бағамы да маңызды. Тиісінше, бағамның төмендеуі түсімдердің азаюына да ықпал етеді. Қазір мұнай өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Бұл жыл басындағы оқиғаларға байланысты екенін барлығыңыз білесіздер. Осы ретте, бағаның өсуі өндіру көлемінің төмендеуі мен валюта бағамының әлсіреуінің әсерін теңестіреді.

Әрине, аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда тұрақсыздық басым. Әлемдік сарапшылар мұнайлы елдердің нарығы жайында түрлі болжам жасап отыр. Отандық сарапшы Рзабек Артығалиев: «Қазақстан мұнайына сұраныс артуы мүмкін», - дейді. 

Рзабек Артығалиев, мұнай саласының сарапшысы:

- Қазақстан қазір қауіпсіз жеткізуші ретінде қарастырылады. Еуропалық нарықтың сұранысын арттырады. Себебі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан қауіпсіз жеткізуші болып тұр. Ал теріс әсері қандай? Егер де КТК арқылы кететін болса бір құбырмен кетеді. Ал транскаспий бағытына біз күш салуымыз керек. Ақша салу керек, логистика керек. Сыртқы инфрақұрылымға тәуелділік сақталып тұр. 

Қара алтын бағасының көтерілуіне байланысты экспорттық кедендік баж есебінен бюджетке қосымша 40 млрд теңгеден аса табыс түсті.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Мұнайдың түсімдерін айтар болсақ, салықтар бойынша негізгі бенефициар – Ұлттық қор. Мұнай секторы толықтай салықтарды дәл осы Ұлттық қорға төлейді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 784 млрд теңге көлемінде түсім түсті. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қосымша 162,6 млрд теңге түсті. Мұнай бағасының өзгеруіне байланысты экспорттық кедендік баж есебінен республикалық бюджет тағы 40,5 млрд теңгемен толықты.

Ел экономикасы мұнай саласын есепке алмағанда да өсіп жатыр. «Бұл – биылғы жылдың ерекшелігі», - деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин. Жалпы ішкі өнім өсімінің басым бөлігі шикізаттық емес салалар есебінен құрылып отыр.