Су үнемдегендер субсидияны көбірек алады

Су үнемдегендер субсидияны көбірек алады. Елде шаруалар мен кәсіпкерлерді заманауи жабдықтар қолдануға ынталандыру шаралары жүргізіліп жатыр.

Алдағы үш жылда бұл бағытқа жұмсалатын қаражат көлемі де едәуір ұлғаяды.

Шаруашылықтар мен кәсіпорындар судың әрбір текше метрін тиімді пайдалануға тиіс. Ысырапшылдыққа жол берілмейді. Алдымен агросекторға тоқталайық. Шаруаларды су үнемдеу технологиясын қолдануға ынталандыру шаралары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, инфрақұрылым тарту кезінде ұңғыма бұрғылауға, заманауи жабдықтар сатып алуға және оларды орнатуға жұмсалған шығынның жартысынан көбі өтеледі. Сонымен қатар тариф бағасына қатысты субсидияның сараланған мөлшері енгізілді. Яғни су үнемдеу технологиясын қолданған жағдайда демеу-қаржы 60 пайыздан 85 пайызға дейін артады. Ал қолданылмаса, жыл сайын 10 пайызға төмендейді. Қабылданған шаралар нәтижесінде заманауи суару жүйесімен қамтылған егістік алқабы кеңейіп келеді.

Ермахан Тасов, бағбан:

- Суды үнемдеу мақсатында 4 гектарға бакинский қауын еккенбіз. Биыл енді эксперимент есебінде тәжірибе жасап, қалай болады екен деп егіп жатырмыз. Құдай қаласа, қазіргі уақытта қауынның жағдайы жақсы. Жылдағы арықпен егетіннен жақсы болмаса, жаман емес.

Талғат Момышев, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялын қолданылған алқаптар 543,5 мың гектарды құрап, нәтижесінде 874 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді. Жалпы 2030 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл 2,2 млрд текше метр су немесе шамамен 30% үнемдеуге мүмкіндік береді.

5 зауыт су үнемдейтін жабдықтар өндіреді

Елде егістік алқабын жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін 5 зауыт жұмыс істеп тұр. Олар Астана, Алматы қалалары мен Түркістан облысында орналасқан. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологиясын енгізу үшін 215 млрд теңгеге жуық субсидия бөлінеді. Бұл бұған дейінгі үшжылдықпен салыстырғанда 4 есе көп. Сонымен қатар вице-министр агросектордағы тауар өндірушілердің коммуналдық қызметақысын өтеуге қанша демеу-қаржы қарастырылғанын айтты.

Талғат Момышев, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған. Министрлік тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалардың іске асырылуына жыл сайын мониторинг жүргізу жалғастырылатын болады.

Қолданылған техникалық су сүзгіден өтеді

Шаруашылықтардан бөлек, өзге өндіріс нысандары мен қызмет көрсету орындары техникалық суды қолданған соң бірден төгіп тастамай, оны қайта кәдеге жаратуға тиіс. Ол үшін озық үлгідегі сүзгілер орнату қажет. Кәсіпкерлер тіршілік нәріне сұраныс берген кезде дәл осылай үнемді және ұтымды қолданатынын дәлелдеуге міндетті.

Жауапты министрліктің мәліметіне қарағанда, елде жыл сайын 1 млн текше метрден көп су пайдаланатын 90-ға жуық зауыт бар. Ал одан кейін көлік жуу орындары қалыс қалмай тұр. Мамандардың есебінше, көлік жуушылар бір жеңіл көлікке 200-250 литр су, ал жүк көлігіне 500-700 литр су шашады. Тіршілік нәрін үнемдеу жүйесіне көшу үшін кәсіпкерлерге 7 жыл уақыт берілді. Алғашқы екі жылы тиісті жоспар әзірлеуге, ал қалған мерзімі қондырғыларды орнатуға арналған.

Су мәселесі саммитте талқыланады

Су инфрақұрылымын дамыту, ресурстарды басқару тиімділігін арттыру және аймақтық ынтымақтастықты нығайту. Бұл мәселелер бүгін Астанада басталатын өңірлік экологиялық саммитте жан-жақты талқыланады. Су шаруашылығы Орталық Азия елдерінің орнықты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуын қамтамасыз етеді. Сондықтан тараптар бірлесіп, инвестиция тартуға және қаржы құралдарын дамытуға ниетті.