Қазақстан ЕҚЫҰ Альянсында тәжірибесімен бөлісті
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елдерімен адам саудасына қарсы күрес тәжірибесімен бөлісті.
Еліміздің делегациясы ұйым Альянсының осы мәселеге арналған 26-шы конференциясына қатысты. Венадағы жиынға отандық тарапты Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко бастап барды. Арнайы тақырыптық сессияда осындай озбырлықты бастан кешкен қазақстандық сарапшы сөз сөйледі. Сәкен Қабибулла Мьянмадағы оқиғамен бөлісті. Қазақстан адам құқықтары саласындағы 60-тан астам халықаралық келісімге қол қойған. Сондай-ақ аталған ұйымның 2003 жылы қабылдаған адам саудасына қарсы іс-қимыл жоспарының жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Станислав Василенко, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
- Біз Қазақстандағы өзгерістер жайлы айттық. Екі жыл бұрын адам саудасына қарсы күреске арналған жеке заң қабылданғанын жеткіздік. Сондай-ақ қолға түскендер мен олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер санының артып, үкімет пен үкіметтік емес сектор атқарып жатқан шаралар жөнінде баяндадық.