Қазақстанда 2,3 млн жұмыскер зейнетақы жарнасын төлемейді

Елде 2 млн 300 мың жұмыскер зейнетақы жарнасын аудармайды.

 Бұл дерек жұмыспен қамтылған төрт адамның үшеуі ғана тиісті жарна төлейтінін көрсетеді. Еңбек нарығында бейресми жұмысшылар көбейді ме, әлде азаматтар зейнетақы жүйесіне қатысуға құлықсыз ба? 

Көлеңкелі жұмыспен қамту Қазақстанның еңбек нарығы үшін күрделі мәселе. Ешбір ресми анықтамасыз жұмыс істеу - азаматтың еңбек құқығын қорғауды шектейтінін айтпағанда, болашақта лайықты зейнетақыға ие болуына кепілдік бермейді. Finprom порталы ауқымды сараптамалық талдау ұсынды. Ондағы деректерге сүйенсек, былтыр елімізде 2,3 млн жұмыскер зейнетақы жарнасын аудармаған. Кестеге көз салайық:

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2025 жылы жұмыс берушілер 9 млн 300 мың жұмыскердің 7 млн-ы үшін ғана жарна төлеген. Азаматтардың 25%-дан астамы бұл мүмкіндіктен тыс қалған. Тағы бір назар аударарлық дерек бар. Ресми статистика бойынша елде 942 мың 500 адам бейресми жұмыскер ретінде тіркелген. Сандардың арасында 2 жарым есе алшақтық бар. Бұны да финпром агенттігі атап өтті. 

Жұмыскерлер - 9,3 млн адам

Зейнетақы жарнасын аударған - 7 млн адам

Зейнетақы жарнасын аудармаған - 2,3 млн адам

Бейресми жұмыспен қамтылған - 942,5 мың адам 

Қазақстанда көлеңкелі еңбек нарығының үлесі 10%-ға дейін азайған. Алматы облысында 149 мың адам бейресми жұмыспен қамтылған. Жамбыл облысында 93 мыңнан аса, Батыс Қазақстанда 91 мыңға жуық адам бейресми түрде жұмыс істейді. Ал Шымкент қаласы, Ұлытау, Абай облыстарында керісінше бейресми жұмыс істейтін азаматтар аз. 

2025 жыл

Көлеңкелі еңбек нарығының үлесі - 10,1%

Алматы облысы - 149 мың

Жамбыл облысы - 93,7 мың

БҚО - 90,9 мың

Шымкент қ. - 7,3 мың

Ұлытау облысы - 9,3 мың

Абай облысы - 9,4 мың  

Зейнетақы жүйесінен тыс қалудың азаматтар үшін тәуекелі басым. Қысқа мерзімде ыңғайлы көрінгенімен, ұзақ мерзімде тиімсіз. Салдары бейнеттің зейнетін көрер шақта байқалады. Алайда, елімізде зейнетақы жүйесіне сенімсіздік бары да жасырын емес. Бұл экономист Бауыржан Ысқақтың пікірі.

Бауыржан Ысқақ, экономист /Астана/:

- Екіншісі әлеуметтік қорғаудың әлсірейтіндігі. Бейреми жұмыс істейтіндердің келісімшарттары болмайды. Сондықтан жұмыс беруші тарапынан қандайда құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Үшіншіден, бұл қаржылық тұрақсыздыққа алып келеді. Яғни банктерден несие алу, ипотека алу сияқты жұмыстар қиындайды себебі ресми табыс жоқ. Сосын жүйеге деген қандай да бір дәрежеде сенімсіздік бар. Инфляция болып кетсе, инвестициялық табыстың төмен болуы.  

1 қаңтарда зейнетақы активтерінің мөлшері 26 трлн теңгеге жуықтады. Былтыр 3,2 трлн теңгеге молайды. Бұл - азаматтардың жарналары мен қордың инвестициялық табысы. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 12 млн-ға жуық зейнетақы шоты ашылған. Алайда, азаматтардың қатысу белсенділігі әр қалай. Мамандар еңбек өтілінің неғұрлым ұзақ болуы маңызды, - дейді. Себебі, базалық зейнетақы тағайындалар кезде 10 жылдан асқан әр еңбек жылы үшін 2% төлем қосылады. Бүгінде жинақ көлеміне сай, орташа есеппен 180 мыңнан 250 мың теңгеге дейін зейнетақы алатын азаматтар бар. 

Мұрат Шәріпов, "БЖЗҚ" АҚ Басқарушы директоры /Астана/:

- Жалақым аз деп төлемей қоюға болмайды. 1998 жылдан бастап еңбек өтілі зейнетақы жүйесіне келіп түскен төлемлер арқылы есептеледі. Бұл мемлекеттік базадағы ақпарат арқылы есептеледі. Сондықтан аз да болса, ең төменгі жалақыдан болсын, азаматтарымыз зейнетақы жүйесіне қатысып өздерінің төлемін төлеп отырғаны жөн. Зейнеткерлік жасқа 2-3 жыл қалған кезде жинаймын деген ол аса дұрыс емес бағыт. 

Ал жұмыскерлердің бірыңғай зейнетақы жүйесіне қатыспауы мемлекетке қалай әсер етеді? Біріншіден, активтердің өсуі баяулайды. Жинағы жоқ азаматтарға базалық зейнетақы төлеу үшін қазына шығыны көбейеді. Салық толық түспейді. Бұл бюджетке салмақ.     

Бауыржан Ысқақ, экономист /Астана/:

- Бюджетке жүктемені арттыруға әсерін тигізеді. Өйткені болашақта қандай да бір жинағы жоқ азаматтарға базалық зейнетақы төлеу үшін мемлекеттің шығыны көбейе бастайтын болады. Жүйенің тұрақтылығы да әлсірейді яғни қатысушылардың саны азайған сайын жинақтаушы модельдің тиімділігі де төмендей береді. 

Былтыр әр азамат ай сайын орта есеппен 43 мың теңгеден зейнетақы жарнасын аударды. Төлем мөлшері бойынша Алматы мен Астана қалалары көш басында тұр. Сондай-ақ Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе қалаларының тұрғындары зейнетақы жүйесінің ең белсенді қатысушысы саналады.

Рухани Әбдірахман