Ақмолада қымыз өндірушілер қатары артты
Қырдағы ел қымыз ішіп отыр.
Қымыздың төресі осы шақта. Уыз қымызды қазір ауылдағы ағайын ғана емес, қаладағылар да қалағанша іше алады.
Жер аяғы кеңіп, көк мелдеген шақта желіге құлын байлайтындар Астана төңірегінде де көп. Ат мініп серуендеп, әлгі уыз қымыз, саумал, тіпті биенің жаңа сауған сүтін ішем десеңіз алысқа ұзаудың қажеті жоқ.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Иә, қымыз мың түрлі дертке шипа. Бірақ осы қымызды дайындаудың өзі оңай емес. Алдымен таңғы сағат 8-ден түскі 4-ке дейін күніне бес мезгіл сауып алу керек. Үйренбеген адамға қиын шаруа. Шамалыдан кейін алақаның талып, саусақтарың икемге келмей қалады екен.
Шаруашылықта оннан астам бие бар. Күндіз ұзамай жайылса, түнде бағымға шығады. Бұл сүттің құнарына жақсы дейді мал иесі.
Батырбек Қошқарбаев, кәсіпкер:
- Бір бие күніне 4-5 литр береді. Жақсы бергенде 5 литр береді. Қазақы өзіміздің жабы биелер бір сауғанда 700-800 грамм сүт береді. Оның бірақ, мынау көбі айтады ғой, российский ірі тұқымдар көп береді деп сүтті, екі литрдей. Бірақ оның майлылығы аз болады.
Күн жылығалы саумал ішуге арнайы келетіндер көбейген. Бірі дертіне ем іздесе, бірі иммунитетін жақсартуды көздейді.
БЛИЦ
- Давлением бар. Сол ауруларыма кішкене себебі болар, ем болсын деп.
- Достарымнан естігем. Осы бірінші жыл бастадым саумал ішуді. Негізі асқазан ауруы, сондай бар да.
- Грыжа болғам. Төрт аяқтап ходункимен жүргем. Осы саумалдың арқасында қазір міне бір балдақпен ақырындап өзім келіп.
Қымыз cан түрлі дертке дауа. Мұны ғалымдар дәлелдеді. Бұған дейін жазылмайды деп келген бауыр циррозын, асқазан ауруларын емдеуге, өттегі тасты түсіруге көмегі көп.
Бақытжан Биімбетов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Асқазанның атрофиялық гастриті деген бар. Оны көбінесе ісікалды ауру деп атайды, предраковая заболевания деп. Сол ісікалды атрофиялық гастритті толығымен емдеуге көмектесіп жатыр қазір бізге. Атрофиядан кейін метаплазия, диспозия деген процестер бар. сол процестердің де бірте-бірте қайтып сатылап нормаға келу пролцестері байқалды.
Жыл санап қымыз өндірісі артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі сүйенсек, былтыр қаңтар-наурыз аралығында 288 тонна қымыз өндірілді. Ал биыл үш айда 15,4 пайыз өсіп, 333 тоннаға жетті. Елде жылқы көбейіп келе жатқанын ескерсек, әлі де өндіріс көлемі ұлғаятыны анық.
Нұрқанат Қанапия, Артур Горшняков