Қазақстанда криптонарық қалыптасты ма?

Бұдан былай елімізде криптовалюта арқылы төлем жасауға болады.

Ұлттық Банк цифрлық активтер айналымы заңды түрде реттелетінін таяуда хабарлаған болатын. Яғни ел аумағында криптовалюта ресми түрде заңдастырылады. Бұған дейін оның кез келген түрін сатып алуға рұқсат болғанымен, ішкі нарықта жарату қиынға соғатын.

Темірлан Нұрахимов криптанарық саласында үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіпкердің пікірінше, цифрлық активтің төлем жүйесі шын мәнінде өте қолайлы. Алайда, халық  биткойн секілді криптовалютаның қыр-сырына қанық емес, дейді ол.

Темірлан Нұрахимов, кәсіпкер:    

– Қарапайым халық, өкінішке орай, әлі дайын емес деп ойлаймын. Себебі қазіргі уақытта ағартушылық қызметті жалғастыру керек. Бәріміз білеміз, осы криптовалюта деп хайп болып кезінде әртүрлі алаяқтарға алданып қалған болатын біздің халық. Сөйтіп, жүріп біраз ақша елден шығарылған болатын. Бірақ осы ағартушылық жұмысты күшейтсе, онда халық көретін болады ыңғайлы екенін.  

Айта кетерлігі, әлемде криптовалютаның биткойнс, стейблкойнс, мем койнс, токенс сияқты сан алуан түрі бар. Әртүрлі блокчейнда 25-35 млн токен құрылған, алайда оның тек бірнеше мыңы ғана айналымда жүр. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, криптовалюта қаржылық құралдың ең тұрақсыз түрі: құны күрт өскенімен, кез-келген сәтте құлдырап кетуі мүмкін. 

Айбар Олжаев, қаржы сарапшысы:    

– Әңгіме халыққа ол керек пе деген сұрақ. Әрине күнделікті операцияларға криптоның бәрі керек емес шығар. Өйткені былай қарағанда комиссиялық шығындары боулы мүмкін. Ал ұзақ мерзімді сақталып, мысалы инвестиция салу. Депозиттің орнына криптоактивтерді қарастырып, егер әрине өте тәжірибелі инвестор болса онда оны қарастыруға болады.  Криптоны біз транзакциялар емес инвестициялық құрал ретінде қолданғанымыз анағұрлым жақсы.

Елде соңғы екі жылда цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз етудің арнайы жүйесі түзілген. Мәселен, Астана халықаралық қаржы орталығы былтыр Bybit компаниясымен келісімге отырып, стейблкойндармен төлем жасау қызметін іске қостырды. Бүгінде арнайы лицензиясы бар 30 компания провайдерлік қызмет көрсетеді. Олар Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген криптобиржа, криптоброкер. Акционерлері шетелде орналасқан компанияларға реттеушілік алымдарды төлеуге көмектеседі. 

Алтай Сләмов, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің қаржылық технологиялар бөлімінің директоры:

- Сәйкесінше өздерінің міндеттемелерін стэйблкойндар арқылы төлегісі келетін компаниялардың саны да артып келе жатыр. Яғни оларға фиатты, яғни ақша теңге немесе доллар өздерінің құнын міндеттемелерін атқаруға осы стейблкойндар арқылы өздерінің цифрлық активтерін кәдімгі ақшаға ауыстырмай төлеген әлдеқайда қолайлы. Сол себепті де қызығушылығы артып жатыр. 

Стейблкойндарды төлем ретінде алғаш қабылдай бастаған Астана халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі пилоттық жоба ретінде тиімділігін көрсетті. Ұлттық банк та осы ретте,  цифрлық активтерді үйреншікті қаржылық жүйелерге енгізуді жоспарлап отыр. Қарапайым халық биылдан бастап, биржаларға тіркеліп криптоны сатып алу, сату құқына ие болады. Дегенмен, мамандар нарыққа терең талдау жасай алатын қаржыгердің көмегіне жүгінуге кеңес береді. 

Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров