Алматы экономикасына 476,9 млрд теңге инвестиция тартылды
2025 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 476,9 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды «24KZ».
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, өнеркәсіп, медицина, туризм, көлік және логистика салаларында 28 жаңа жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 6,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
2026 жылы Алматыда жаңа өндіріс орындарын іске қосу жалғасады. Бұл жобалар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтіп, жергілікті өндіріс көлемін арттыруға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Алатау» ИТП АЭА аумағында Viva Pharm компаниясы толық циклді фармацевтикалық зауыт салады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 млн таблеткаға дейін жетеді.
Алматы индустриялық аймағында Sapa Industry Group компаниясы автоклавты жеңіл бетон шығаратын зауыт салып жатыр. Кәсіпорын жыл сайын 50 мың текше метр қабырға панельдері мен 150 мың текше метр газоблок өндіреді.
CA-International компаниясы жылына 4 мың тоннадан астам өнім шығаратын табақты поливинилхлорид өндірісін іске қоспақ.
NARPRINT компаниясы тұрмыстық-шаруашылық мақсаттағы қағаз өнімдері мен жапсырма өндірісін жолға қояды. Кәсіпорын жылына шамамен 830 тонна өнім шығармақ.