Қазақстанда биофармацевтикалық кешен бой көтереді

Елімізде толық циклді биофармацевтикалық кешен бой көтереді.

Онда онкологиялық, аутоиммунды және сирек кездесетін сырқаттарды емдеуге арналған дәрі-дәрмек пен заманауи иммунобиологиялық препараттар өндіріледі. Бұл мақсатта 390 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылады. Бұл отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етіп, орнықты өндірістік базаны қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар препараттардың импортын кезең-кезеңімен алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығарылатын өнімнің бір бөлігі ТМД және Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарығына экспортталмақ.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде онкологиялық және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан азаматтар қатары бүгінде 320 мыңнан асып жығылады. Созылмалы ауруға қарсы күресте медицина мамандары аянып жатқан жоқ, алайда елде дендеген дерттің бетін қайтаруда дәрі-дәрмек тапшылығының бары жасырын емес. Сондықтан Үкімет жуық арада 8 фармацевтика зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 180-нен астам тұрақты жұмыс орыны ашылып, 60-қа жуық дәрілік заттар өндірілмек.

Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда дәрілік заттардың отандық үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында елімізде фармацевтика саласы тағы бір маңызды ірі жоба іске қосылады. Үкімет денсаулық сақтау министрлігі мен Степп фармацевтикалық компаниясы арасындағы келісімді мақұлдады. 

Өндірістік нысандардың бірі Алматы облысында салынады. Мұнда 32 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалып, 20 шақты препарат түрі өндіріледі. Зауыт құрылысы биыл басталып, 2031 жылға дейін жалғаспақ. Өнеркәсіп орнында дәрілік заттар өндірісі мен сертификаттаудан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да жүргізіледі.

Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры:

- Жаңа өндірістік қуаттар онкологиялық, жүрек қан-тамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 түрлі дәрілік затты шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс халықаралық стандарттарға сәйкес болады және дәрілік заттардың сапасы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті нығайтуға бағытталған. 

Жоба елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және Алматы облысы аумағында заманауи фармацевтикалық өндіріс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өскен. Ал салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асқан.

Фармацевтикалық өндіріс саласы

2025 ж. - 191,1 млрд теңге

2024 ж. салыстырғанда - 8,7% 

Салаға тартылған инвестиция - 390 млрд теңге 

Бұдан бөлек фармацевтикалық зауыт құрылысы Қарағанды облысында да қолға алынып, онда 70-тен аса дәрілік препарат түрі шығарылады деп күтілуде. Сондай-ақ ел азаматтарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтасыз етуде Шымкенттегі зауыттың өндіріс қарқыны да кеңейіп, 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 

Назым Кенжебай, Мерей Талап